Тұрғын өтініші ескеріліп, интернет тартылды

Тұрғын өтініші ескеріліп, интернет тартылды

Бейімбет Майлин ауданына қарасты Әйет және Май ауылдарында “AMANAT” партиясы Қостанай облыстық филиалының мобильді қоғамдық қабылдауы өтті.

Іс-шараға партияның облыстық филиалы төрағасының орынбасары Жанар Куйшинова, аудан әкімі Қайсар Мыржақыпов, Қостанай облыстық мәслихатының депутаты Анатолий Злой, аудандық мәслихат депутаттары, мемлекеттік орган өкілдері мен «Halyk Life» сақтандыру компаниясы қатысты.

Қабылдау барысында ауыл тұрғындары өзекті мәселелерін көтеріп, оларға нақты жауаптар берілді. Атап айтқанда, балаларға арналған ойын алаңының қажеттігі туралы ұсыныс айтылды. Бұл мәселе бойынша спорттық ойын алаңының жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне 15 млн теңге сомасында бюджеттік өтінім жолданды.

Сондай-ақ, тұрғындар ауыз судың сапасына қатысты алаңдаушылық білдірді. Аталған мәселені шешу үшін 118 млн теңгеге жуық қаржыға жергілікті су тазарту станциясын сатып алып, орнату жобасы әзірленіп, облыстық энергетика және ТКШ басқармасына ұсынылды.

Тобыл ауылының тұрғыны Ирина Былина көп жылдан бергі мәселесінің шешілуіне көмектескені үшін Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловқа және «AMANAT» партиясына алғысын білдірді.

«Бұрын мен ұялы байланыс пен интернеттің жоқтығынан үлкен қиындықтар көрдім. 2017 жылдан бері түрлі мекемелерге жүгіндім, бірақ нәтиже болмады. Тек «AMANAT» партиясының көмегімен облыс әкімі Кумар Ақсақаловтың қабылдауына жазылып, осы мәселе шешімін тапты. Қазір үйіме интернет қосылып, тұрақты байланыс бар. Үлкен алғысымды білдіремін», — деді Ирина.

Партия өкілі Жанар Куйшинова халықпен тікелей диалог орнатудың маңыздылығына тоқталып, жыл бойы атқарылған жұмыстарға да шолу жасады.

«Біздің мақсатымыз – әр тұрғынның үнін есту. Мұндай кездесулер нақты мәселелерді анықтап, оны шешудің жолдарын бірге қарастыруға мүмкіндік береді. 2025 жылдың басынан бері біз 10 ауылды аралап, 150-ге жуық азаматты қабылдадық. Көтерілген мәселелердің 22 пайызы қазіргі уақытта оң шешімін тапты, қалғандары уәкілетті органдардың қарауында», – деді ол.

Әйет және Май ауылдарында өткен “AMANAT” партиясының мобильді қоғамдық қабылдауы нәтижелі өтті. Жалпы қабылдау барысында 36 мәселе көтеріліп, олардың 13-і оң шешілді. Атап айтқанда, тротуар салу, иттерді аулау, ауылішілік автожолдарды орташа жөндеу, облыстық маңызы бар жолдар мен интернет мәселелері бойынша оң шешімін тапты.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді ұсынған – «AMANAT» партиясының

Қостанай облыстық филиалының баспасөз қызметі