Колледждерді қаржыландырудың жан басына шаққандағы нормативі екі есе артты – AMANAT

Колледждерді қаржыландырудың жан басына шаққандағы нормативі екі есе артты – AMANAT

«AMANAT» партиясы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің кезекті отырысында жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру және колледждерді заман талабына сай жаңғырту мәселесі талқыланды.

Министрліктер колледждердегі халықаралық стандарттардан бастап, цифрлық кәсіптік бағдарлау платформаларына дейінгі ауқымды өзгерістер ұсынды. Алайда депутаттар мамандықтардың беделі сапалы білім беруден басталатынын еске салады.

Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова «AMANAT» партиясы атқарған ауқымды жұмыс арқылы ТжКБ-ны қаржыландырудың жан басына шаққандағы нормативі екі есе артқанын атап өтті.

Мәселен, егер 2024-2025 оқу жылында жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі орта есеппен 437 мың теңгені құраса, 2025-2026 оқу жылында бұл көрсеткіш 917 мың теңгеге дейін ұлғайды. Жан басына шаққандағы нормативтің ұлғаюы жеке меншік ұйымдардағы педагогтердің жалақы мөлшерін мемлекеттік деңгейге теңестіруге мүмкіндік береді.

Бұл ретте ТжКБ оқытушыларына ғылыми дәрежесі үшін үстемақы белгілеу мәселесі қарастырылуда. Сондай-ақ депутат «педагог-модератор» және «педагог-сарапшы» біліктілігіне ие арнайы пән оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлеріне еңбек өтіліне қарай 35%-ға дейін үстемақы белгіленгенін мәлімдеді.

Отырыс барысында бейінді министрліктер мен ведомстволардың өкілдері сөз сөйлеп, Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылы аясында техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау бойынша қолға алған жүйелі жұмыстарын таныстырды.