Қостанай облысы жеңіс тұғырында: республикалық байқауларда алтын, күміс және қола жүлделер!

Қостанай облысы жеңіс тұғырында: республикалық байқауларда алтын, күміс және қола жүлделер!

Қостанай облысының техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі тағы да жоғары нәтижелерге қол жеткізді! Республикалық кәсіби шеберлік конкурстарында өңіріміздің студенттері мен педагогтері үздіктер қатарынан көрініп, бір алтын, екі күміс, бір қола жүлде және медальон иеленді.

Бұл жетістіктер — білім алушылардың табандылығы мен ұстаздардың кәсіби шеберлігінің, тынымсыз еңбегі мен жоғары жауапкершілігінің айқын көрінісі.

AgroLeague-2026 республикалық конкурсында Әулиекөл ауыл шаруашылығы колледжінің I курс студенті Алдияр Улыжбаев ауыл шаруашылығын механикаландыру бағыты бойынша топ жарып, I орынға ие болды.

blank

Тараз қаласында өткен байқауға Қазақстанның барлық өңірлерінен, сондай-ақ Ресей, Қырғызстан және Өзбекстаннан қатысушылар жиналды. Осындай ауқымды бәсекеде жеңіске жету — жас маманның кәсіби әлеуеті мен сапалы даярлығының дәлелі.

Тау-кен металлургия саласындағы республикалық кәсіби шеберлік конкурсында Рудный политехникалық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Светлана Шинкевич II орынды иеленіп, өзінің кәсіби біліктілігі мен тәжірибесін жоғары деңгейде көрсетті. Хромтау қаласында өткен байқаудағы бұл нәтиже өңір педагогтерінің кәсіби шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеді.

IT саласындағы республикалық конкурста Қостанай цифрлық индустрия колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Асылхан Сүлейменов «Бұлтты бағдарламалау» құзыреттілігі бойынша II орынға ие болды.

blank

Конкурс барысында Қостанай облысының сарапшы-компатриоты ретінде қатысқан осы колледждің оқытушысы Темірлан Нажықанов қатысушыға кәсіби қолдау көрсетіп, өңір атынан лайықты үлес қосты.

Теміржол саласындағы республикалық кәсіби шеберлік конкурсында Рудный тау-кен технологиялық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Эльвира  Сафина 2026 жылғы 15–16 қазанда Павлодар қаласында өткен сайыста III орынға ие болып, қола жүлдені қанжығасына байлады. «Жылжымалы құрамды пайдалану және техникалық қызмет көрсету» бағыты бойынша өткен конкурста ол теориялық білімін, практикалық дағдыларын және кәсіби құзыреттілігін жоғары деңгейде көрсетті.

blank

Теміржол саласында өңіріміздің намысын КИнЭУ Кәсіпкерлік жоғары колледжінің «Теміржол көлігінде тасымалдауды ұйымдастыру және қозғалысты басқару» мамандығы бойынша оқытушысы Ирина Шолохова да абыроймен қорғап, конкурс қорытындысы бойынша медальонмен марапатталды. Ал қатысушыларға кәсіби қолдау көрсеткен арнайы пәндер оқытушысы Күнсулу Жаксалықова сарапшылық жұмысы үшін «Алғыс хатқа» ие болды.

Бұл жеңістер — Қостанай облысындағы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің әлеуеті мен сапалы даярлықтың нәтижесі. Әрбір марапаттың артында педагогтердің білімі мен тәжірибесі, студенттердің ізденісі және ортақ мақсатқа бағытталған қажырлы еңбек жатыр.