Қабағын сәл түйіп, пернетақтаға жоғарыдан шүйіле қарап отырған — біздің Мәкең! «Хабар» арнасының Қостанай облысындағы меншікті тілшісі — Мағауия Назымұлы Қалиев.
Осы ғұмырында Мәкеңнің салалы саусақтары пернетақтаның әріп тізілген түймешіктерін қанша мың рет түйгіштеді екен?
Бәлкім миллиондаған рет. Санар ма еді? Қаншама тақырыпты қозғады, қаншама тағдыр, талас-тартысты кестелеп, кескіндеп көрерменіне ұсынды? Қаншама шым-шытырық ақпаратты майдан қыл суырғандай, шөп ішінен ине іздегендей сұрыптап, жүйелеп, реттеп, тап-тұйнақтай дүние тудырды.
Тележурналистикада көпшілікке сағаттап эфирде отыратындар ғана танымал.
Алайда нағыз журналистиканы жасайтын, соның іргетасында тұрған — ақпаратты жинайтын, қобырап, шашырап келгенін жүйелейтін, қырып жонып, кәдімгі қара батпақтан мінсіз мүсін жасағандай ғып бұқараға ұсынатын қатардағы тілші. Мағауия Назымұлы Қалиев ұзақ жылдар бойы журналистиканың осы ауыр жүгін қара нардай қыңқ етпей көтеріп келеді.
Қажырлы еңбегімен тілшінің тарланы, ақпараттың арланына айналған ағамыз биыл асқаралы 60 жасқа толды.
Мен таныған Мәкең
2000-шы жылы Қостанайға келгенімде алғаш рет Мәкеңнің дауысын облыстық телеарнадан естіп жүрдім. Кескінін де сол көгілдір экраннан көрдім. Кейін жүзбе-жүз танысып, ептеп араласа бастадық. 2002-ші жылы газеттен телеарнаға қызмет ауыстырған соң әріптес атандық. Ең алғашқы сюжетімді монтаждауға көмектесіп, өзім бұрын көрмеген телеарна жұмысының әліппесін үйретті. Оң мен солымды тануға көмектесті. Жалпы сол кездерде телеарна ұжымы қызметкерлері арасында ерекше бір жылы қарым-қатынас орнады. Бауырмалдық басым еді. Аға буын кейінгілерге барынша қамқорлық жасап жүре-тұғын. Уақыт өте келе Мәкең әріптес қана емес, өзімнің ағамдай болып кетті.
Сол сыйластық әлі жалғасып келеді.
Мәкең көңілінде қылаудай дағы жоқ, аңғал, адал адам. Өзгелерді өзіне тартып тұратын да осы болмысы шығар. Өмірде әртүрлі жағдай болады. Қиындықтарға кезігесің, тығырыққа тірелесің. Осындай сұрқай сәттерде бірінші келіп қолдап, қолтығыңнан демейтін, жігеріңді жанып жұбататын жандардың бірі қашанда Мәкең болды. Жетістігіңе өзіңмен бірге ақтарыла қуанады. Бір жауапты істі қолға алып, қисынын таппай жүрсең ағалық ақыл-кеңесін айтады. Бұл Мағауия Назымұлының адами болмысы. Тек маған ғана емес, өзінен кейінгі талай қаламдас іні-қарындастарына асқар таудай арқа сүйер аға бола білген тұлға.
Ана үмітін ақтаған перзент
Мағауия Назымұлы Қалиев 1966 жылы 5 қыркүйекте Науырзым ауданындағы Саршығанақ ауылында туған. Ата – анасының ұзақ күткен тұла бойы тұңғышы.

Әкесі Назым мен анасы Қалима шаңырақ көтергеннен кейін 5 жылдан соң дүние есігін ашыпты. «Мағауияның дүниеге келуі біздің отбасымызға ғана емес, күллі әулетімізге үлкен қуаныш болды. Сейдахмет деген қайынағам бар еді, жолдасымның ағасы, бірақ мен ата дейтінмін. Себебі сол кісінің қолына келін болып түстім. Ол кісінің өз кіндігінен перзенті болмады. Сол атамыз қуанып, сиыр сойып, төңіректегі күллі елді шақырып ұлан-асыр той жасады. Мағауияны өз баласындай көрді. Көп күткен перзенітіміз болғасын ба, маңдайынан шертпей өсірдік. Соңынан іні-қарындастары ерді» — дейді Мәкеңнің анасы Қалима апа өз естелігінде.
Өмірде қуаныш пен қиындық қатар жүреді. Мағауия енді ержетіп студент атанған шағында әкесі дүниеден озды. Ол кезде өзінен кейінгі бауырларының бәрі мектеп жасында еді. Сөйтіп тұрмыстың бар ауыртпалығы анасына түсті.
Бұл кезде Қостанайдағы ауылшаруашылығы институтында агроном мамандығына оқып жүрген Мағауия, ер азамат ретінде қайрат көрсетіп анасына жәрдемдесу үшін облыс орталығындағы дизель зауытына жұмысқа орналасады. Төртінші разрядты слесарь атанады. Бірақ жұмыс істеп жүріп оқуды жалғастыру бәрібір мүмкін болмай, ақыры оқуын тастап ауылға оралды. Ауылда құрылысшы болып еңбек етеді. Алайда бойдағы қабілет сыртқа теппей тұра ма? Сөйтіп 1990-шы жылы Науырзым ауданында жаңадан ашылған «Жазира» атты аудандық газетке қызметке орналасады. Газетте жұмыс істеп жүргенде облыстық радио редакциясымен байланыс орнатып, ауданнан хабар-ошар жіберіп тұрады. Жас жігіттің жазу машығы, дауыс мәнері көңілінен шыққан радиодағы мамандар оны Қостанайға жұмысқа шақырыпты. Сөйтіп 5 жыл аудандық газетте еңбек етіп, журналистиканың қыр-сырын меңгерген жас жігіт, 1995-ші жылы Қостанайға қайта оралады. Алайда бұл жолы студент емес, облыстық радионың тілшісі болып келеді. Ал 2000-шы жылы толыққанды облыстық телеарнаға қызметке ауысады. Бұл ұжымда қатардағы тілшіден бастап, редактор, шеф-редактор тәрізді жауапты жұмыстар атқарды. 2010-шы жылдан бері «Хабар» агенттігінің Қостанай облысындағы меншікті тілшісі. «Қатарынан қалған жоқ, мені жерге қаратқан жоқ. Қашанда сүйенішім, қолдаушым болды. Бауырларына әке орнына әке болды, әулетіміздің ақылшысы, қамқоршысы. Жары Нұргүл келінім де көңілімнен шыққан көргенді жан. Өздері де өрімдей ұл-қыз өсіріп, немере сүйіп отыр. Мен Мағауияма ризамын». Қалима апай тұңғышы туралы осылай деп тебіренеді. Яғни, Мәкең ең бастысы анасының үмітін ақтаған перзент.
«Қылмыс пен жазаның» авторы
Мағауия Назымұлының тілшілікке әбден төселіп, көпшілікке кеңінен танылған кезі, әрине, облыстық телеарнада жүргенде басталды. 2000-шы жылы «Қылмыс пен жаза» хабарының тізгінін ұстады.

Аты айтып тұрғандай криминал тақырыбындағы бағдарлама. Бұл негізі Мағауия Назымұлының өзі автор әрі жүргізушісі болған телеарнадағы алғашқы хабары еді. Орда бұзар отыздан енді асқан, тәжірбиесі толысқан сақа жігіт жұмысқа құлшына кірісті. Телеарнаның ұтатын тұсы жеделдік. Бұл жағынан Мәкең алдына жан салмады. Тіпті кейде қылмыс болған жерге полициядан бұрын жететін. Оның мәнісі мынада: бұқараға жедел әрі шынайы ақпарат жеткізіп отыру мақсатында телеарна ұжымы полиция департаментімен әріптестік қатынас орнатады. Сол келісімге сәйкес криминал тақырыбындағы хабар авторына полицияның жедел орталығына түсетін ақпаратты қабылдайтын рация беріледі. Қызметтік куәлік те бар. Міне, осының арқасында Мағауия Назымұлы қазіргі кездегідей полицияның ресми ақпаратын күтіп отырмай барлық жағдайды тәулік бойы өзі бақылай алатын. Осы жеделдіктің арқасында оқиға көпшілікке бұрмалаусыз, уақытында анық жететін.
2002-ші жылы бұл бағдарлама «Оқиға, себеп-салдар» болып өзгерді. Яғни, автор енді тек болған оқиғаны баяндап қана қоймай, оның себебі мен салдарын сараптайтын. Қылмыстық істерге журналистік зерттеу жүргізетін. Сол кездерде заң орындарынан әділдікке жете алмаған талай жанның Мағауия Назымұлын іздеп келгенін көзіміз көрді. Мәкең солардың бәріне уақыт бөліп, барлық құжаттарын зерделеп қарап, қажет болғанда заң орындарынан жауап алып, зерттеу хабарларын дайындап эфирге шығаратын. Айтуға оңай болғанымен бұл қылыштың жүзімен жүргендей, адамнан көп қажыр-қайрат талап ететін, төзіміңді сынайтын, жүйкеге салмақ салатын аса жауапты жұмыс. Соның арқасында Мағауия Назымұлының талай адамға көмегі тиді, қоғамға олардың мұң-зарын жеткізді, құзырлы орындардың назарын аудартты. Бұл хабарлары өте танымал болды. Бірқатар замандастары Мәкеңді әлі күнге дейін есімін айтпай «Қылмыс пен жазаның» авторы» деп әзілдейді.
2003-ші жылдан бастап Мағауия Назымұлы облыстық арнадағы қазақ редакциясының шеф-редакторы болды. Бұл қызметінде өзінің бай тәжірибесін кейінгілермен бөлісті, жастардың жанашыр тәлімгеріне айналды. Білмегенін үйретіп, ақпаратты алу мен берудің қыр-сырына баулыды.
Бүгінде Мәкеңнің алдынан өткен талай қыз-жігіттер республикалық арналарда белді қызмет атқарып жүр.
Мансап қумаған майталман тілші
Міне, Мәкеңмен бір ғимарат ішінде еңбек етіп келе жатқанымызға ширек ғасыр болыпты. Жұмыс бөлмесіне қашан кірсең де пернетақтаны сарт-сұрт соғып мәтін жазып отырады. Өте еңбекқор жан. «Хабар» арнасында тілші болғалы Қостанай облысының бар аумағын талай шарлады. Тобыл-Торғай өңірінде оның табаны тимеген елді-мекен кемде-кем. Қозғамаған тақырыбы қалмады. Өндіріс, ауылшаруашылығы, саяси оқиғалар, әлеуметтік мәселе. Қай тақырыпты да жеріне жеткізе жазды. Қай қияға салсаң да қаламы жорғалап жүре береді. Ел жайын, қоғам өмірін облыс басқарып отырғандардан артық болмаса кем білмейді.
— Мәке, жасы егде тартқанда көп әріптестер тілшілікті қойып басшылық қызметке ауысып жатушы еді. Сізде сондай ниет жоқ па? — деп сұрап қоямыз арасында ойын-шыны аралас.
— Әй, соны маған ұсынып жатқан адам жоқ қой, – деп ақтарыла бір күліп алады мұндайда. — Шынтуайтында – дейді сосын- менің сол басшы болуға еш құлқым жоқ. Бастық болып, мойныма артық жауапкершілік жүктеп, жоғарыға жалтақтап жүрем бе? Одан да өзімнің жаным қалаған, қызығып, құлшынып істейтін, жақсы сюжет жасасам жаным рахаттанатын тілшілігім мың есе артық.
Иә, расында Мәкеңнің болмысы сондай. Мансап үшін көңілі қаламаған нәрсеге ұмтылып, бой-басын, мінезін қолдан өзгертетін жасандылықсыз, шынайы жаратылыс иесі. Еңбегі де лайықты бағаланып, әр жылдары «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Мағауия Назымұлы – алпысқа алқынбай жеткен ақпараттың арғымағы. Әлі де бабында. Қабағын сәл түйіп, жоғарыдан шүйіле қарап, пернетақтаны сарт-сұрт соғып мәтін жазып отыратын әдетінен еш жаңылған емес. Жазарыңыз таусылмасын, жасай беріңіз жақсы аға!
Дәуренбек Әбдібек
