Өңір басшысы Құмар Ақсақалов тілдің ұлттың рухани қазынасы, ел бірлігі мен қоғамдық келісімнің негізі екенін атап өтті. Бұл атаулы күннің Алаш қайраткері, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен тұспа-тұс келуінің символдық мәніне тоқталды.
«Тіл – ұлттың рухани қазынасы, ел бірлігі мен қоғамдық келісімнің бастауы. Бұл атаулы күннің Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен тұспа-тұс келуі – тіліміздің мәртебесін арттырып, оны дамыту жолындағы тарихи сабақтастық екені анық. Тілге құрмет – елге құрмет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде” деді. Қостанай облысында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, тілдерді дамыту және этносаралық татулықты нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Тіліміз тұғырлы, бірлігіміз бекем, ынтымағымыз жарасымды болсын! Әр шаңыраққа амандық, елімізге тұрақтылық пен баянды болашақ тілеймін!», – деді Құмар Ақсақалов.
