Ресейдің Қазан қаласынан Алматыға дейін жаяу сапарға шыққан саяхатшы бүгінде Қазақстан шекарасынан өтіп, Қостанай облысының аумағында жолын жалғастыруда. Мыңдаған шақырымды жаяу жүріп өтуді мақсат еткен ол сапар барысында еліміздің табиғатын ғана емес, халықтың кең пейілі мен қонақжайлығын да жақыннан танып келеді.
Саяхатшының айтуынша, Қазақстанға келген сәттен бастап оған ерекше ықылас пен қолдау көрсетілуде. Жол бойында кездескен тұрғындар жылы лебіздерін білдіріп, қажетті көмектерін ұсынып жатыр.

Қостанай облысында да жолаушыға құрмет көрсетілді. АО «НК «ҚазАвтоЖол» мен «КАЖсервис» қызметкерлері оны арнайы қарсы алып, ыстық шай ұсынып, жолға қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етті. Сонымен қатар, автожол бойындағы қауіпсіздігін арттыру мақсатында жарық қайтаратын арнайы кеудеше табыстады.
Өз әсерімен бөліскен саяхатшы қазақ халқының қонақжайлығы мен мейірімділігіне тәнті болғанын жасырмады. Оның сөзінше, әр өңірде көрсетілген қамқорлық пен ізгі ниет алдағы ұзақ сапарына күш-қуат беріп, Қазақстан туралы жылы естеліктер қалыптастыруда.
Бұл оқиға қазақтың ежелден келе жатқан «қонақ келсе, құт келеді» деген қағидасының бүгінгі күні де өз мәнін жоғалтпағанын тағы бір мәрте дәлелдейді.
