Қостанайда мұғалімдер кезекшілікке тартылады

Қостанайда мұғалімдер кезекшілікке тартылады

Балалардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жаз мезгілінде жағажайларда кезекшілік ұйымдастырылмақ. Бұл жұмысқа педагогтер тек өз келісімімен қатысады.

Облыстық білім басқармасы олардың еңбегі заң аясында төленетінін және мұғалімдердің еңбек демалысы сақталатынын мәлімдеді.

Биыл облыс орталығындағы мектептерден 152 мұғалім жағажайларда профилактикалық жұмыстар жүргізуге ерікті түрде келіскен.

Олар демалыс орындарында балаларға қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, ата-анасының қарауынсыз жүрген жасөспірімдерді анықтайды.

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Данагүл Сүйіндікова педагогтерді мұндай жұмысқа мәжбүрлеп тартуға жол берілмейтінін айтты.

– Егер мұғалімнің келісімі болмаса, оны ешкім бұл жұмысқа тарта алмайды. Мұғалімнің құқығы заңмен қорғалған. Жағажайдағы кезекшілікке тек келісім берген педагогтер ғана қатысады. Сонымен қатар бұл жұмысқа ақы төленеді, яғни мұғалімдер өз жалақысын алады, – деді Данагүл Сүйіндікова.

Қостанай қалалық білім бөлімінің мәліметінше, өткен жылы жазғы маусым кезінде жағажай аумақтарында 7 870 бала анықталған. Оның ішінде 7 301 бала ересектермен бірге болса, 569 бала ата-анасының қарауынсыз жүрген.

Қостанай қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлсім Оразбаева бұл шаралардың тиімділігін атап өтті.

– Өткен жылы жүргізілген кезекшілік барысында балалардың суға кету фактілері тіркелген жоқ. Бұл профилактикалық жұмыстардың нәтижесін көрсетеді, – деді бөлім басшысы.

Білім басқармасы өкілдерінің айтуынша, мұғалімдердің заңда қарастырылған 56 күндік еңбек демалысы толық сақталады. Жағажайдағы кезекшілік еңбек заңнамасына сәйкес және педагогтердің келісімі негізінде ұйымдастырылады.

Олжас Ғабдімәлік,

ҚӨУ студенті

Фото: яндекс. кз