Халық арасында «тоқырау жылдар» деген атаумен сақталға 1990 жылдардың ауыртпалығы түспеген сала кем де кем шығар. Сол кезеңдегі тұрмыс-тіршіліктің кескін-келбеті аға буынға етене таныс. Белгісіздік біраз азаматтың сағын сындырып, қыз-келіншектер күнкөріс қамын күйттеп кетті. Мінекей сол уақытта біздің қоғамға «әйелдер қозғалысы», «гендерлік теңдік», «әйелдер кәсіпкерлігі» деген түсініктер ене бастады. Қазіргі Қазақстан Республикасының Іскер әйелдер қауымдастығы алғаш рет сол тұстары қанат қақты.
1995 жылы Пекинде өткен әйелдердің бүкіләлемдік конференциясынан шабыт алып оралған Раушан Сәрсембаева Қазақстандағы әйелдердің рөлін күшейтуге және олардың бастамаларын біріктіруге шешім қабылдады. Нәтижесінде, еліміздегі тұңғыш қоғамдық бірлестіктердің бірі — Қазақстанның Іскер әйелдер қауымдастығын құрды. Ұйым әйелдердің бизнес, саясат саласындағы мүддесін қорғау, жұмыспен қамту, біліктілігін арттыру, отбасы және денсаулық сынды әлеуметтік қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында жұмыс істеді. Еліміздің түкпір-түкпірінен мыңдаған әйелге көмек қолын созып, олардың қоғамдағы рөлін айқындауға және арттыруға септігін тигізді. Әйелдердің ой-пікірін биік мінберлерде айтуға мүмкіндік жасады. Бүгінде алып бірлестік 30 жылдық белестің биігіне көтерілді. Мерейтойдың құрметіне орай Қостанай қаласында үлкен форум ұйымдастырылды. Оған Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ербол Тасжүреков арнайы қатысып, белсенді ханымдарға жүрек жарды лебізін арнады.
«Іскер әйелдер қауымдастығының 30 жылдығы – біздің еліміздегі әйелдер кәсіпкерлігі, көшбасшылық және әлеуметтік жауапкершілік тарихындағы маңызды кезең. Сіздерді ақылы мен ажары, даналығы мен даралығы келіскен қазақ әйелдерінің ізбасары деуге болады. Бұл сөздер 30 жыл бойы әйелдердің өз әлеуетін жүзеге асыруға және қоғамның дамуына үлес қосуына көмектесетін қауымдастықтың миссиясын көрсетеді. Осы жылдар ішінде қауымдастық ондаған маңызды жобаны нәтижелі іске асырды. Бүгінде бұл ұйым табысты әйелдердің басын қосумен қатар, жаңа бастамаларға дем беріп, тәжірибе алмасу алаңына айналды», – деді облысы әкімінің орынбасары.
Сондай-ақ өңірдің мақтанышына айналған нәзік жандыларды облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен марапаттады.
Мерейтойлық форумның алғашқысы Астанада өтіпті. Екінші жиын Тобыл өлкесінде жалауын көтерді. Оның мәнісін Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының Президенті, әлеуметтік ғылымдар докторы, профессор, Қазақстанның Құрметті қайраткері Раушан Сәрсембаева айтып берді.
«Қазақстанның Іскер әйелдер қауымдастығының алғашқы қадамы Қостанай топырағынан бастау алды. 1996 жылғы қаңтарда Қазақ ССР Жоғарғы кеңес төрағасының орынбасары Зинаида Федотова жолығып, қауымдастық құру төңірегіндегі ойымды айттым. Саяси қайраткер «Раушан, Қостанайдан баста. Біздің өлкеде тамаша әйелдер бар. Олар сенің үмітіңді ақтайды» деген еді. Тобыл өлкесінің іскер ханымдары сенімнің үдесінен шынымен шыға білді. Сол себепті 30 жылдық мерейтойда Қостанай жеріне келу менің парызым», – деп ағынан жарылды спикер.
Ардақты жан Раушан Сәрсембаеваның есімі тәуелсіз Қазақстанның гендерлік тарихында алтын қаріптермен өрнектелген. Ұйымның бастау бұлағынан табылып, бүгінгі қызметіне бағыт-бағдар беріп келеді. Ол Тобыл-Торғай даласының қыз-келіншектерінің еңбегін жоғары бағалады. Алдыңғы шепте жүрген іскер әйелдердің бірқатарына мерейтойлық медальдар табыстады. Мәртебелі төсбелгілер Іскер әйелдер Қауымдастығының Қостанай облысы бойынша алғашқы төрайымы Римма Бектұрғановаға, 2014-2020 жылдардағы төрайымы Зора Кушкумбаеваға, қазіргі уақыттағы төрайымы Гүлсара Жаманқұловаға және тағы да басқа көшбасшы ханымдарға, «Алтын жүрек» мүшелеріне берілді.
1999 жылғы тамызда Іскер әйелдер қауымдастығы тұңғыш рет «Қанатты әйел» жәрмеңкесін ұйымдастырды. Бұл бастама әйелдің қоғамдағы орнына қатысты қатып қалған қасаң көзқарастың күл-талқанын шығарды. Әйел үй тірлігімен қызметті қатар алып жүруге, кәсіп ашып, сауда-саттықты шыр көбелек айналдыруға, саяси белсенділік танытуға қауқарлы екенін дәлелді. Осылайша қауымдастық мемлекет пен қоғам арасын жалғаушы көпірге айналды. Қостанайлық белгілі ақын Александра Суслова бір кездері «Қанатты әйелдерге» арнап жыр жазыпты.

Бүгінде қауымдастық жанынан жас кәсіпкер қыздарды қолдауға, олардың бизнес бастамаларын дамытуға арналған жастар қанаты құрылды. Мұнда келген бойжеткендер тәлімгерлерден көп нәрсені үйреніп, шабыттанып қайтады. Оларға бизнес негіздерін тегін оқытып, өз-өзіне сенуді, қорқынышты жеңуді үйретеді.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суреттерді түсірген Василий ВАСИЛЬЕВ
