Ат құлағында ойнаған Артём

Ат құлағында ойнаған Артём

Денисов ауданы Перелески ауылының бір ерекше тұсы халқы спортқа жақын. Жастары футбол мен хоккейді сүйіп ойнайды.

Кейінгі кезде ұлттық спортқа көңіл бөлініп жүр. Ауыл балалары ат спортына икемді келеді. Перелескидің бозбалалары да жастайынан ат жалына жармасып өседі. Суреттегі сары бала Артём Цыкунов 11 жасынан атқа шауып, бәйгеге қатысып жүр. Алғашқы жүлдесін 12 жасында иеленген. 13 жасында 21 шақырымдық аламан бәйгеде Қазақстан чемпионы атаныпты. Былтыр Денисов ауданында өткен Қостанай облысының жазғы спартакиадасында күміс жүлдегер атанды.

Қазір сегізінші сыныптың оқушысы. Еліміздің басқа қалаларында ұйымдастырылатын облыстық, республикалық ат жарыстарға тұрақты қатысып отырады.

«Ағам атбегі болып еңбек етеді. Мені жұмысына бірге ертіп апарғаны бар. Сол сәттен бастап атқа мінуге деген қызығушылығым оянды. Атты жаттықтыруға үлкен мінез керек. Бәйгеге қосатын жылқының күтімі бөлек. Таңертең және кешке міндетті түрде шауып, бірнеше айналым жасаған дұрыс. Жарысқа қатысар алдында бір, бір жарым ай дайындаламын», – дейді шабандоз.

Артёмды ат жарысқа қатысуға баулыған Сергей есімді ағасы екен. Шабандоз бала бүгінде ағасының Бураш аты сәйгүлігін тақымдап алыпты.

Қымбат ДОСЖАНОВА

Суреттерді түсірген Василий Васильев

Денисов ауданы