1-мамыр – бұл тек күнтізбедегі демалыс емес, тамыры терең, мағынасы кең, ұлттық тұтастығымыздың іргетасын бекемдейтін ерекше күн.
Халқымыз: «Ырыс алды – ынтымақ» деп тегін айтпаған. Кез келген елдің басты байлығы – оның ішкі тұрақтылығы мен халқының ауызбіршілігі. Бұл күн бізге береке мен молшылықтың тек тыныштық орнаған жерге келетінін ұғындырады. Қазақ жері – тағдырдың жазуымен келген талай ұлт пен ұлысты бауырына басқан алтын бесік. Ынтымақ күнінің тағылымы – ата-бабамыздың кеңпейілділігін, қонақжайлылығын, парасаттылығын паш етеді. Бұл – өткен тарихқа құрмет, келешекке аманат. Асыл дініміз де адамдарды нәсіліне, ұлтына немесе жағдайына қарап бөлмей, бәрін тең көріп, бір-біріне жанашыр болуға үндейді. Алла Тағала Құранда:
«Барлығың Алланың жібіне яғни хақ дініне мықтап жармасыңдар және өзара бөлінбеңдер. Сондай-ақ Алланың өздеріңе (үйіп-төгіп) берген нығметін естеріңе алыңдар…»
Ардақты пайғамбарымыз с.ғ.с.:
«Мұсылман – мұсылманның бауыры. Ол оған қиянат жасамайды, өтірік айтпайды және оны көмексіз қалдырмайды…» — деген.
Ынтымақ күні әрбір азаматтың бойында «Мен – Қазақстан азаматымын!» деген мақтаныш сезімін оятады. Ортақ мақсат, ортақ мүдде жолында бірігу – мемлекеттің егемендігін нығайтудың басты кепілі.
Бұл күнінің басты тағылымы – адамгершілік пен бауырмалдық.
Бірлік күнінің тәрбиелік мәні ол – жас ұрпақтың бойына бейбітшілікті сүю, өзгеге құрмет көрсету және өз елінің патриоты болу қасиеттерін ұялатады.
Бірлік – ел тірегі. Қоғамда татулық болса, тұрақтылық пен даму да болады. Сыйластық – берекенің бастауы. Бір-бірін құрметтеген қоғамда қашанда ынтымақ пен бірлік нығая түседі. Өзара түсіністік пен татулықты сақтау – әрқайсымыздың парызымыз.
Қадірлі ағайын! Баршаңызды ынтымақ күнімен шынайы ықыласыммен құттықтаймын. Еліміздің басты байлығы – татулық пен береке әрқашан еселене берсін. Отанымыздың аспаны ашық, іргесі берік, болашағы жарқын болсын. Алла тағала шаңырақтарыңызға береке-бірлік, мол ырыздық-несібе берсін. Барлық бастамаларыңыз бен игі істеріңіз, жемісті де нәтижелі болғай! Әмин!
Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы
