Арқалықта аймақтық кітапхана қызметкерлері кездесті

Арқалықта аймақтық кітапхана қызметкерлері кездесті

Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінде жерлесіміз, кітапхана ісін дамытуға өлшеусіз үлес қосқан көрнекті тұлға Нәзира Дәулетованың туғанына 100 жыл толуына орай аймақтық зерделі кеңес ұйымдастырылды.

Кеңес – ұлт руханиятына қызмет еткен тұлғаның еңбегін ұлықтап қана қоймай, кітапхана ісінің қоғамдағы маңызын айқындайтын тағылымды басқосуға айналды.

Сөз руханияттың шамшырағы — кітапхана ісін өркендету жолында көшбасшылық танытып, өңір мәдениетінің дамуына зор үлес қосып келе жатқан Л.Н. Толстой атындағы Қостанай облыстық ғылыми — әмбебап кітапханасының басшысы Сәния Серікқызы тарихи тұлғаның тағылымды ісіне тоқталды.

blank

Еліміздің кәсіби мерекелер тізбесіндегі кітапханашылар күні 24 қазаннан 23 сәуірге ауыстырылғанын тілге тиек етіп, әріптестерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Кәсіби мамандардың қатысуымен кітапхана ісін дамытудың жаңа бағыттары талқыланып, өзекті мәселелердің шешімі қарастырылды.

blank blank  blank blank blank blank

Пленарлық мәжілісте мінберге шыққан кітапхана ісінің майталмандары Нәзира Кожахметқызының мұрасы, ғылыми идеялары және олардың қазіргі әмбебап ғылыми кітапхана қызметіндегі сабақтастығы, сондай – ақ ауыл кітапханаларының даму жолдары мен мүмкіндіктері, Арқалық қаласының 70 жылдық белесі туралы баяндамаларына арқау етті.

blank

«Қазіргі таңда кітапхана – тек кітап сақтайтын орын емес, ол – білім мен ғылымның, мәдениет пен руханияттың тоғысқан орталығы. Осы тұрғыда біз Дәулетова тәжірибесіне сүйене отырып, кітапхана ісін жаңа деңгейге көтерудің жолдарын бірге қарастыруымыз қажет», – деді кеңес спикері Арқалық қаласындағы облыстық №2 ғылыми – әмбебап кітапханасының басшысы Сәуле Алматова.

Зерделі кеңес аясында іс – шара өткен университет қабырғасында кітапханашылар күшімен тақырыпты көрме де қойылды.

Аяулым Кенжебекқызы,

№2 облыстық ғылыми – әмбебап кітапханасының библиографы:

blank

«Белгілі тарихшы ғалым, мәдениеттанушы,тарих ғылымдарының кандидаты, республиканың әмбебап кітапханалары туралы көптеген еңбектердің авторы Нәзира Қожахметқызының кәсіби жолы – кітапхана саласына адал қызмет етудің, білім мен мәдениетті дамытуға қосқан сүбелі үлестің жарқын көрінісі. Бұл кісі 1926 жылы Қостанай облысының Сарыкөл ауданында дүниеге келген. Үш бөлімнен тұратын көрмемізде қайраткер тұлғаның өмір жолы мейлінше толықтай қамтылып, сараланып көрсетілген»

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Суреттерді түсірген – автор

                                                                                                            Арқалық қаласы