Қазір Торғай мен Ырғыз арасында субмердігер компания өз қаражаты есебінен, жұмысты бастап кеткен. Ырғыз ауылында көпір салу үшін жабдықтар жеткізіп, қағу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Құрылыс материалдары бойынша барлығы 77 карьер анықталған. Геологиялық зерттеулер толық жүргізілген. Бұл туралы ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Бейсенғалиев халықтың көкейіндегі сауалына жолдаған жауабында айтты.
«Бас мердігер — Қытайдың ірі «СИТИК» компаниясы. Министрлік ұсынған ақпаратқа сай, бүгінгі таңда құжаттары дайын, қаржысы анықталған, техникасы бар, базалары белгіленген – яғни алдағы мамыр айында алғашқы қаржы бөлінген соң құрылыс жұмыстары толық қарқын алады. Жоба аясында атқарылып жатқан барлық жұмыстар біздің тұрақты бақылауымызда болады», – деп жазды ол туралы депутат Берік Бейсенғалиев әлеуметтік желідегі парақшасына.
Мәжіліс Төрағасының орынбасары Альберт Рау, ҚР Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров, Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Жамбыл Бақтиярмен бұл мәселені жан-жақты талқылағанын баяндады.

Депутаттың айтуынша, министрлік өкілдері жол құрылысы биыл басталып, бас-аяғы екі жарым жылда бітеді деген ұйғарымға келіп отыр. Яғни, 2028 жылдың соңына дейін толық аяқталмақ.
Осы мақсатқа биылғы мамыр айында алғашқы транш 200 млрд теңге бөліну көзделген. Жобаның жалпы ұзындығы 896 шақырымды құрайды, жалпы құны 1,078 трлн теңге. 915 млрд теңгесі (85%) Қытайдың Эксимбанкінен несие ретінде, ал 163 млрд теңгесі (15%) республикалық бюджеттен қаржыландырылады.
«Министрлік өкілдерінің ақпараты бойынша, бірінші кезеңде құрылыс жұмыстары Астана–Арқалық және Торғай–Ырғыз учаскелерінде жүзеге асырылады. Қазірдің өзінде дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Мемлекеттік сараптама мен экономикалық қорытындылар толық дайын. Жер телімдерін рәсімдеу аяқталуға жақын. Көпірлердің жобалары әзірленуде. Құрылыс алаңдары дайындалуда. Вахталық қалашықтар – Ақмола облысы бойынша, Қажымұқан, Егіндікөл ауылында. Қостанай облысы бойынша, Арқалық қаласы мен Торғай ауылында.
Ақтөбе облысы бойынша, Ырғыз ауылында орналасады», – дейді Берік Бейсенғалиев.
Мәжіліс депутаты Парламентке келген күннен бастап Қостанай облысындағы жолдар мен әуежай мәселесін үнемі көтеріп келеді.
Сол көтеріп жүрген жобалардың бірі – Арқалық-Державин жолы толық аяқталды. Отыз жыл бойы жөнделмей тұрған жол енді халық игілігіне беріліп отыр.

Арқалық әуежайының құрылысы да жүріп жатыр, ол биыл шілде айының соңына қарай тапсырылады.
