Арқалық қаласының құрметті ардагерлерінің бірі – Жалбыр Молдрахметовтің есімі Қазақстанның «Алтын кітабына» енді.
Жалбыр Кенжеғалиұлы 1952 жылы 18 ақпанда Амангелді ауылында дүниеге келген. В.И.Ленин атындағы мектеп-интернатта, Амангелді орта мектебінде білім алады.
Целиноград инженерлік-құрылыс институтына жоғары оқуға түсіп, біліммен бірге спортқа деген құштарлығын одан әрі шыңдай түседі.
Футболдан, волейболдан және үстел теннисінен институт командасының негізгі ойыншысына айналады. Әсіресе, үстел теннисінен қала және облыс чемпионаттарында бірнеше мәрте жеңімпаз атануы – оның есімін көпшілікке кеңінен танымал етті.
Спортқа деген құлшынысы 1976 жылы еңбекке араласқаннан кейін де дами түсті. Үстел теннисі бойынша жарыстар ұйымдастырып, өңірде осы спорттың ілгері басуына ұйытқы болды. Өстіп жүріп ол Арқалық қаласының және Торғай облысының бірнеше мәрте чемпионы болды.
1981 – 1991 жылдар аралығында облводхоздың ПМК – 36 мекемесінде бас инженер болып, басқарушылық қабілеті мен ұйымдастырушылық шеберлігін паш етті.
Мәскеуде өткен КСРО Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне (ВДНХ) екі мәрте қатысуы – екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін жетістік.
Целиноградта үстел теннисі бойынша спорт шеберлігіне үміткер (КМС) атанды. 2015 жылға дейін Қостанай облысының атынан жарыстарға қатысып, ел намысын еселеп жүрді.
2002 жылдан Арқалық жылу энергетикалық компаниясының су құбыры бөлімін басқарып, бір мүшел уақыттан кейін абыроймен зейнеткерлікке шықты.

2025 жылдың 18 мамырында өткен үстел теннисінен Арқалық қаласының ашық чемпионатына демеуші болып, елге деген жанашырлығын тағы бір көрсете білді. Осы жылы 70 жасқа толған мерейлі сәтінде қала әкімі Әмірхан Асановтың «Құттықтау хатына» ие болды.
Өмірлік жары Орынкүл Молдазметқызымен бірге үш бала тәрбиелеп, өсіріп, жеткізді. Үш перзенті де Қарағанды қаласынан заңгерлік білім алды. Немерелері де ата жолын қуып өсіп келеді.
«2013 жылы туған Руслан атты немерем жасөспірімдер арасында футболдан облыстық құрамада ойнайды. Арқалық қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы гимназияның 6 — сыныбында оқиды. Биыл Қызылордада болған республикалық жарыста командалары «Қазақстан чемпионы» атанды. Өте белді шабуылшы болып, номинация бойынша жақсы нәтиже көрсетіп, 2 голдың қарсылас команданың қақпасына енуіне қолайлы сәт туғызғаны үшін марапатталды. Қазір алда өтетін республикалық жарыстың дайындығында жүр. Ендігі ойымыз, баланың талабын ұштап қалалық «Дене тәрбиесі және спорт бөлімі», өзінің бапкері Иманбек Айтқазиннің ұйғарымымен келесі жылы Алматы қаласына интернатқа яғни, «Қайрат» командасының құрамына енуіне мүмкіндік туғызбақ ниеттеміз», – дейді еңбек ардагері, жас спорт жұлдызының атасы Жалбыр Кенжеғалиұлы.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы.
