Арқалықта жас ғалымдар суды тиімді жаратудың жолдарын қарастырды

Арқалықта жас ғалымдар суды тиімді жаратудың жолдарын қарастырды

Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінде студенттер арасында суды үнемді пайдалану жолдарын қарастырған жобалар байқауы сарапқа салынды.

Елімізде су ресурстарын ұтымды пайдалану – стратегиялық маңызы зор бағыттардың бірі. Осы орайда, университет білім алушылары экологиялық жауапкершілікті терең сезініп, ғылыми ізденістер арқылы өз ұсыныстарын ортаға салды.

Білім ордасында «Өлкетану» пәні аясында ұйымдастырылған ғылыми іс-шара болашақ мамандардың зерттеушілік қабілетін дамытуға және қоршаған орта мәселелеріне бей-жай қарамауға бағытталды. Жобаға әрқайсы 5 адамнан құралған 5 команда қатысып, су қауіпсіздігі мен өңірлік экологиялық мәселелерді шешудің тың жолдарын ұсынды.

Қатысушылар өз жобаларын креативті презентациялар мен арнайы әзірленген макеттер арқылы қорғап, суды үнемдеу, тазарту және тиімді пайдалану бағытында нақты ұсыныстарын көрсетті.

Ғылыми жұмыстарды университеттің профессор — оқытушылар құрамынан жасақталған тәжірибелі сарапшылар бағалап, үздік командалар анықталды.

blank blank

Атап айтқанда: І орынды «Арқалық» командасы, ІІ орын «Балқаш-Арал» командасы, ІІІ орынды «Арал» командасы иеленді. Барлық қатысушыларға университет әкімшілігі атынан «Алғыс хаттар» табысталды.

 «Қазіргі таңда тіршілік нәрін тиімді пайдалану — әрбір азаматтың бұлжымас заңына айналып келеді. Сондықтан, бүгінгі жас зерттеушілердің еңбегін — ел болашағы мен экологиялық тұрақтылықтың негізін қалыптастырудағы талпыныстан туған тың қадамдар деуімізге болады. Біз жас ғалымдарымыздың ізденістеріне сәттілік тілейміз», – дейді іс — шараны ұйымдастырушылар.

Мұрат Жүнісұлы

                                                                                                Арқалық қаласы