Ғылымда озат, тілге талапты: байқауда үздік атанды

Ғылымда озат, тілге талапты: байқауда үздік атанды

Елордада өткен биология және физика пәндері бойынша республикалық олимпиадада облысымыздың жас зияткерлері үздік нәтиже көрсетіп отыр. Бес бірдей жүлдегердің екеуі алтын, екеуі күміс, біреуі қола медаль жеңіп алды. Жеңімпаздар қатарында «Озат» мамандандырылған ақпараттық технологиялар мектеп-лицей-интернатының 10 сынып оқушысы Даниил Гурский де бар.

Ол биология пәні бойынша қатарынан озып шыққан.

Айта кетейік, еліміздің ең дарынды оқушыларының басын қосқан ірі білім сайысына Қазақстанның барлық өңірінен 305 оқушы қатысып, 140 медаль сарапқа салынды. Ауқымды додада Қостанай облысының оқушылары жоғары нәтиже көрсетіп, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың қолынан марапатталып келіп отыр.

– Шынымды айтсам, биология пәніне ерте жастан қызығушылығым ояна бастады. «Озат» мектеп-лицей-интернатына түскеннен кейін олимпиадаларға белсенді қатыса бастадым. Алғашында жүлделі орындарға іліге алмадым, бірақ уақыт өте тәжірибе жинақтап, нәтижем жақсарды» – дейді талапты оқушы.

Даниил 8-сыныпта республикалық сайыста екінші, ал екі жылдан кейін жеңімпаз атанып отыр.

– «Озат» мектебі маған үлкен жол ашты: еркін дайындалып, ұстаздардан және мектептен зор қолдау көрдім. Сабақтан босатылып, олимпиадаға жүйелі түрде дайындалуға жағдай жасалды», – деді Даниил Гурский.

Бұл жолғы олимпиадада биология пәні бойынша сайыс практикалық және теориялық болып екі кезеңге бөлініпті. тұрды: Практикалық кезең үш бағытты қамтыды: биохимия, жануарлар анатомиясы мен физиологиясы, сондай-ақ биоинформатика.

Қатысушылар заманауи құрылғылармен жұмыс істеп, күрделі тапсырмаларды орындады. Мәселен, биохимия бөлімінде спектрофотометр қолданылып, нақты зертханалық есептер шешілді. Ал анатомия бөлімінде тәжірибелік жұмыстар, тіпті диссекция да жүргізіліпті.

Теориялық кезеңде қатысушылар 200-ге жуық сұраққа жауап беріп, өз білімдерінің тереңдігін көрсетті. Даниил осы күрделі тақырыптардың барлығынан жоғары көрсеткішке қол жеткізіп отыр.

blank

– Алтын медаль алған сәттегі сезім ерекше болды. Негізі, марапаттау рәсіміне дейін қатысушылар өз ұпайларын көріп, шамамен кімнің қай орын алатынын болжай алды. Мен бастапқы хаттамада бесінші орында тұрдым. Жалпы, 50 қатысушының тек 10 пайызы ғана, яғни шамамен бес оқушы бірінші орын алады. Сол себепті аздап уайымдадым. Алайда нәтижесінде сол үздіктердің қатарынан табылып, бірінші орынға ие болу мен үшін үлкен қуаныш әрі мақтаныш болды. Болашақта дәрігер болуды мақсат етіп отырмын. Атап айтқанда, С.Асфендияров атындағы Қазақ медициналық университетіне түсіп, невропатолог мамандығын игергім келеді, – дейді олимпиада жеңімпазы.

Даниил тек ғылыммен ғана емес, тіл меңгерумен де белсенді айналысып жүр. Ол бір жылдың ішінде қазақ тілін А1 деңгейінен В1 деңгейіне дейін жетілдірді. Бұған дейін тілді репетитор арқылы үйрене бастаған ол қазіргі уақытта өз бетінше көп ізденеді.

– Мемлекеттік тілді білу – әрбір азаматтың міндеті. Сондықтан тіл меңгеруді өз борышым деп қабылдадым. Шынымды айтсам, бір жыл ішінде А1 деңгейінен В1 деңгейіне дейін көтерілу үшін әдетте аптасына 2-3 рет тұрақты түрде дайындаламын. Емтихан тапсырған кезде деңгейімді В1-В2 аралығында деп көрсетті. Қазір қазақ тілін еркін түсініп, ауызекі сөйлей алатын деңгейге жеттім деп сенімді түрде айта аламын. Оңтүстік өңірлерге барған кезде олар мені толық түсінеді, мен де оларды жақсы түсінемін. Бұл – мен үшін үлкен жетістік. Алдағы уақытта қазақ тілін бұрынғыдай қарқынды түрде жалғастыра бермекпін. Себебі негізгі мақсатым – еркін сөйлеу дағдысына жету еді, оған қол жеткіздім деп ойлаймын, – дейді Даниил.

Жас зияткердің қазіргі басты назары – биология пәні бойынша халықаралық олимпиадаға дайындық. Сол додада жақсы нәтиже көрсетемін деп үміттенеді. Лайым солай болғай!

Дина ДӘУЛЕТКЕЛДІ,

Зарина ЖҰМАҒҰЛОВА,

ҚӨУ журналистика мамандығының 4

курс студенттері