Қонайда ескі бөлігін қоса алғанда 5 мыңға жуық тұрғын бар. Алдағы уақытта жеке және көпқабатты тұрғын үйлер толық салынып біткен соң, халық саны 10-12 мыңға дейін жетеді деп жоспарланып отыр.
Қазірдің өзінде инфрақұрылым жақсы дамыған. Биыл саябақ құрылысы жалғасады, веложол салынып, қала мен Қонайды байланыстыратын болады. Сонымен қатар мектеп, балабақша, спорт нысандары бой көтереді. Аулалар да кезең-кезеңімен абаттандырылып жатыр.
Қонай шағын ауданының тұрғыны Сұлтанбек Әбдуәлиев мерекелік іс-шара барысында өз әсерімен бөлісті.
«Қонай шағын ауданында 2023 жылдан бері тұрып келемін. Осы уақыт ішінде бұл ауданның қалай дамып, көркейіп келе жатқанын өз көзіммен көріп жүрмін. Бүгінгі Наурыз мерекесін халықпен бірге атап өту – ерекше қуаныш. Мұндай іс-шаралар тұрғындарды жақындастырып, бірлік пен ынтымақты нығайтады», – дейді ол.
Шағын ауданда қос киіз үй тігіліп, алаңға алтыбақан орнатылған. Қала өнерпаздары үлкен мерекелік концерт әзірлеп, тұрғындарға өнерін паш етті.

Ұлттық ойындар да ұйымдастырылып, кәрі-жас барлығы қатысып көруде. Мерекеге қала әкімі Марат Жүндібаев қатысып, лебізін білдірді.
Сералы Мырзабай
Суреттерді түсірген Василий Васильев
