Қостанай қаласындағы №28 мектеп-гимназиясында Наурыз мейрамы биыл ерекше өтті. Мектептің есік алдына киіз үй тігіліп, барлық оқушылар мен ұстаздар және ата-аналар Ұлыстың ұлы күнін думандатты.
Мерекелік концерт, ән мен би, ұлттық ойындар – бәрі де жиналғандардың көңілінен шықты. Сондай-ақ, ерекше тұсы – жасанды интеллекттің көмегімен жасалған интерактивті экспозиция болды. Киіз үйдің іші безендіріліп, керегелерге сәнді кілемдер, домбыра, ер-тоқым, шапан, сандық, күбі сияқты ата-бабамыздың тұрмыстық заттары қойылған.
Әр заттың жанында QR-код ілінген. Телефоныңызды сол кодқа тақасаңыз заттарға жан бітеді. Яғни, әр бұйымға тіл бітіп, жасалу жолын, қолданылуын қызықты түрде түсіндіреді. Бұл – мектептің информатика пәнінін ұстаздарының жемісі. Жобаның болашағы зор. Оқушылар түгілі жиналған үлкен адамдарда қызықтап қарады.
Жасанды интеллект тек «сөйлетіп» қана қоймай, балаларға ұлттық құндылықтарды заманауи тәсілмен үйретеді.
«Осы жылғы Наурыз мейрамын ұлттық мәдениетіміз бен заманауи технологияны бірге үйлестіріп өткізуді шештік. Жасанды интеллекттің көмегімен домбыра, күбі, ер-тоқым сияқты ата-бабамыздың мұралары «тіріліп», балаларға өз тарихын өзі айтып берді. Бұл – дәстүрді ұмытпау және оны жаңа буынға қызықты түрде жеткізудің үлгісі. Ал ашық ауадағы ұлттық ойындар біздің бірлігімізді, денсаулығымызды және рухымызды нығайтты. Осындай жобалар арқылы біз Қазақстанның Цифрландыру және жасанды интеллект жылындағы мақсаттарын жүзеге асырып, балаларымызды болашаққа дайындап жатырмыз», – дейді №28 мектеп-гимназиясының директоры Жансая Исмайлова.
Қыдыр ата батасын берді. білім ордасының белсенділері Қара жорға биімен жиылғандардың барлығын ортаға шығарды. Мектеп оқушыларынан құралған жас домбырашылар бірнеше күйді шебер орындап шықты.

Жас та болса түрлі байқауларға қатысып жүрген әнші қыздар халық әндерін әуелетті. Мектептің ата-аналары да шеткері қалмай, мейрамға бір кісідей атсалысты. Арнайы дастархан жайып, түрлі тамақ түрін алып келіп. Әр келушіге бауырсақ таратты. Ал аулада ұлттық ойындар ойнатылды. Оқушылар арқан тартысып, садақ атып, оқтау тартуда күш сынасты. Білім ордасы осылайша Наурызды тек тойлап қана қоймай, инновациялық білім беру үлгісін көрсетті.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ
