Бүгін мемлекетіміз үшін маңызы зор оқиға – Референдум басталды. Ертемен қызу жұмысқа кіріскен учаскелерді бірі – Қостанай қаласында С.Көбеев атындағы орта мектепте орналасқан 74-ші учаске.
Мұнда 2720 дауыс беруші тіркелген. Учаске ашыла салысымен-ақ өз таңдауын жасауға асыққан тұрғындар легі толассыз келіп жатыр.







Азаматтық жауапкершілігін жете сезініп, жаңа Конституция жобасына қатысты үн қосуға келген дауыс берушілер арасында егде жастағы кісілердің қатары қалың. Солардың бірі — жастары сексеннен асқан бәленше ақсақал мен түгенше әжей. Олар ел болашағының бағдары айқындалар сәтте әр азамат науқаннан шеткері қалмауы керек дегенді айтады.

«Жүріп-тұруымыз қиындау болса да таң-азаннан оянып, бір-бірімізді қолтықтан сүйеп, дауысымызды беруге арнайы келген жайымыз бар. Өйткені елімізде осындай елеулі оқиға болып жатқанда үнсіз жатпайық дедік. Жаңа Ата заңымыздың оңды өзгерістерінен де хабардар болып отырмыз. Мемлекетіміздің патриоты, шынайы жанашыры, тілеулес қарттары ретінде кейінгі буынға үлкен болып үлгі көрсетуге ниет қылдық. Жалпы, мұндай жалпыхалықтық науқандардар тыс қалып көрген кезіміз жоқ. Халқымды да осындай белсенділікке шақырамын», – дейді Әбдуәли ақсақал.
Қарттарға ерек белсенділігі үшін учаске төрағасы алғыс айтып, сый-сияпат табыс етті. Мұндай ерекше тартулар алғашқы дауыс берушіге, биыл алғаш рет саяси науқанға қатысқалы отырған жасқа, бүгінгі туған күн иелеріне және ең егде тіркелушілерге де әзірленген.
«Әнұран шырқалып болғаны сол еді – алғашқы болып жасы жетпістен асқан ағамыз мектеп табалдырығын аттады. Құрмет көрсете қарсы алып, ең бірінші дауыс беруші атанғанын айтып бір қуанттық. Сайлап қойған сыйлығымызды тарту еттік. Ағамыз көңілі көтеріліп, жылы лебізін жаудырды. Елшілдік ұстанымға берік азамат екенін айтып, оқшау пікірін білдірді. Күніміздің осындай жаны жайсаң адамға қызмет көрсетуден бастағанымызға біз де қуандық», – дейді №74 учаске төрағасы Мөлдір Жақия.

Әрине, егде кісілерден бөлек, жастардың да белсенділігі жоғары. Өз таңдауын жасауға келген «Тобыл» ФК техникалық бөлім директоры Дәурен Ниязбеков елгезек жастардың қатарында.

«Бүгін әр қазақстандық тұрғынның азаматтық ұстанымын көрсететін сәт туып отыр. Бұл референдумнан ешқайсымыз тыс қалмауымыз керек деп ойлаймын. Бұл жаттанды естілуі де мүмкін. Бірақ елімізде әрдененің өзгеруін, дамуын қаласақ, онда бірлігіміз осы тұста көрінуі шарт. Мен де осы учаскеде өз таңдауымды жасадым. Халқымыз бір жағадас бас, бір жеңнен қол шығарады деген үміттеміз», – дейді Дәурен.

Жалпы, қазір бұл учаскеде тоғыз референдум мүшесі және әртүрлі партиядан шақырылған төрт бақылаушы жұмыс істеп жатыр. Дауыс берушілерді ізетпен қарсы алып, тиісті көмек-нұсқаулық көрсетіп, ілтипатпен шығарып салуда.

«Референдум Наурыз мейрамымен түспа-тұс келуінің де зор мән-мағына бар деп ойлаймын. Өйткені Наурыз жаңару мен жасарудың, жасампаздықтың мерекесі ғой. Ал бүгінгі науқан да елімізді даму-өркендеудің жаңа жолына бастайтын тарихи оқиғаға айналары сөзсіз. Сондықтар азаматтарымыз елдің болашағы, өздерінің келешегі үшін дұрыс таңдау жасайды деп сенеміз. Жауапкершілікті сезініп, учаскемізге ағылып келіп жатқан тұрғындарға зор алғысымызды айтамыз. Әр азамат үшін қалтқысыз қызмет көрсетуге даярмыз», – дейді Мөлдір Жақия.

Дауыс берушілер үшін мектеп ауласына сауда сөресі жайылып, кәуап пісіріліп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын әсем әуен қосылулы тұр. Ал кіреберісте ыстық шай мен бауырсақ тегін беріліп жатыр. Учаске қызметкерлері тіркелген дауыс берушілерді кешкі сағат 8-ге дейін аяқтан тік тұрып күтпек.





Ж.Балғынбекұлы
Суреттерді түсірген – автор