Қостанай қаласындағы №874 референдум учаскесінде дауыс беру процесі қарқынды жүріп жатыр. Қазірдің өзінде 150-ден астам азамат дауыс беріп үлгерді.

№874 референдум учаскесі қаладағы №31 жалпы білім беретін мектебінің 1-қабатында орналасқан. Мұнда барлық тұрғындардың, соның ішінде мүгедектігі бар азаматтардың еркін қозғалысына қолайлы мүмкіндік қарастырылған. Кіре берісте дауыс беру тәртібі, референдум комиссиясының құрамы туралы мәліметтер жазылған ақпараттық кесте тұр. Учаске комиссиясының төрайымы Орынкүл Баяхметова дауыс берушілерді қарсы алып, тиісті нұсқаулық бойынша саяси рәсімнің жөн-жосығын түсіндіріп жүр.

«Таңғы сағат 7:00-ден бастап №874 референдум учаскесі өз жұмысына кірісті. Сол сәттен-ақ ең алғашқы дауыс берушілер келе бастады. Азаматтар өздерінің белсенділігін танытуда. Көбіне жастардың ел болашағына бейжай қарамай, маңызды саяси науқанға қатысып жатқаны қуантады. Үлкен кісілер де қалыс қалып жатқан жоқ», – деді №874 референдум учаскесі комиссиясының төрайымы Орынкүл Баяхметова.

Тізім бойынша аталған учаскеде 2769 азамат тіркелген. Қазір соның 150-ден астамы дауыс берді.


«Әнұран шырқалып жатқанда алғашқы дауыс беруші 4 жас жігіт келді. «Жұмысқа асығып бара жатырмыз. Сондықтан дауыс беріп кетейін деп келдік» деп өздерінің азаматтық ұстанымдарын білдірді. Одан кейін кішкентай сәбиін көтеріп жас жұбайлар келді. Аталған азаматтардың бәріне ынталандыру сыйлықтарын бердік. Республикалық референдум Наурыз мейрамына дөп келгендіктен кішігірім дастархан жайып қойдық. Тұрғындарға мерекелік көңіл күй сыйлау үшін әрі үлкен кісілер мен белсенді жандарға бауырсақ пен ыстық шәй ұсынып, қазақы қонақжайлығымызды көрсетіп жатырмыз», –деді учаскесі комиссиясының төрайымы.
Қымбат ДОСЖАНОВА
