Барлық учаскелер азаматтарды қабылдауға дайын, бақылаушылар жұмыс істеп жатыр және алғашқы сайлаушыларға арналған акциялар өтуде.
15 наурызда сағат 07:00-де Сарыкөл ауданында 30 сайлау учаскесі ашылып, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау жөніндегі Жалпыұлттық референдум өткізу басталды. Дауыс беруді ұйымдастыруға 169 учаскелік сайлау комиссиясының мүшесі және бір аумақтық сайлау комиссиясы жауапты.

Дауыс беру барысын қоғамдық және саяси ұйымдардың өкілдері бақылайды: «Дауыc» қоғамдық бақылаушылар коалициясынан 60 бақылаушы және «AMANAT» партиясының филиалынан 47 бақылаушы жұмыс істейді. Аудандағы жалпы сайлау құқығы бар азаматтар саны – 11 382. Учаскелер сағат 20:00-ге дейін жұмыс істейді, содан кейін дауыс санау басталады.
Жергілікті атқарушы органдар сайлау учаскелерін барлық қажетті материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз етіп, дауыс беру процесін жоғары деңгейде ұйымдастыруға мүмкіндік жасады. Референдум күні барлық учаскелерде «Алғашқы сайлаушыларға сыйлық» және «Мен алғаш дауыс беремін» акциялары басталды. Бұл акциялар азаматтардың белсенділігін арттыруға және учаскелерде мерекелік көңіл-күй жасауға бағытталған.

Жаңа Конституция жобасы бірқатар маңызды өзгерістерді қарастырады: бір палаталы парламентке (Құрылтайға) көшу, Вице-Президент лауазымын енгізу және Президент жанында Халық кеңесін құру. Сонымен қатар, ұлттық құқықтың халықаралық құқыққа үстемдігі туралы жаңа нормалар бекітілген.

Осылайша, Сарыкөл ауданында тұрғындардың конституциялық құқықтарын жүзеге асыруға және ел үшін маңызды дауыс беруге қатысуға барлық жағдай жасалған.
Руслан ӘЛКЕЕВ
Суреттерді түсірген – автор
Сарыкөл ауданы
