Саясаттағы жаңа кезең жауапкершілікті күшейтіп, партиялардан нақты нәтиже күтетін уақытты бастап берді. Ұлттық құрылтайда көтерілген жаңа саяси этика қоғам сұранысымен астасып жатыр. Бүгінде құр ұран емес, кәсіби сараптама мен жүйелі шешімдер алдыңғы орынға шықты. Осындай жағдайда партиялардың шынайы әлеуеті мен іс жүзіндегі ықпалы айқын көріне бастады. Тақырыпты «Respublica» партиясы облыстық филиалының төрағасы Манара Мәдининамен талқылап көрдік.
– Манара Амангелдіқызы, 2026 жыл партиялық жүйенің айтарлықтай жаңаруымен басталып отыр. Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы жаңа саяси этиканың қажеттілігін қадап айтты. Партиялардан ұран емес, кәсібилік талап етілетін осы жаңа бетбұрыс туралы не айтасыз?
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген бағыт біздің идеологиямызбен толық үндеседі, «партиялық формализм» дәуірі келмеске кетті. Бүгінгі саяси этика – ең алдымен, сайлаушы алдындағы адалдық пен кәсіби сараптама. Біз саясатқа нәтиже үшін жауап беруге дағдыланған нақты сектордан келдік. Мемлекет басшысының реформалары партиялардың нақты даму институттарына айналуына жағдай жасап отыр. Біздің міндетіміз – елдің тірегі саналатын жауапты азаматтар мен кәсіпкерлердің басын біріктіру. Популизммен айналыспай, сандар мен нақты шешімдер тілінде сөйлейтін партия құрып жатырмыз.
– Мәжілістегі фракцияларыңыздың заңдарға қатысты бастамалары ішінен біздің өңір мен жалпы ел үшін ең маңыздысы деп қайсысын атар едіңіз?
– Біздің Мәжілісте алты депутатымыз бар, бірақ осы алты адамның атқарып жатқан ісі жүзге татиды. Олар кабинетте отырған шенеуніктер емес, бизнес пен өндірістен келген кәсіби мамандар. Олардың жұмысы – бүкіл республика үшін тиімді жүйелі заңдар жасау.
Осы жылдың нақты нәтижелеріне қарасаңыз, біздің фракция ауыл шаруашылығы техникасының лизинг мөлшерлемесін жылдық 6%-ға дейін төмендетуге қол жеткізді. Бұл шешімді қостанайлық фермерлер жылдар бойы күткен еді. Депутаттарымыз жастардың денсаулығын сақтауға арналған вейптерге тыйым салуды бастап, букмекерлік кеңселердің жарнамасын толық тоқтатуға күш салды. Мемлекеттік деңгейдегі жылыжайларды субсидиялаудан бастап, еліміз бойынша 43 жаңа студенттік жатақхана салуға дейінгі ауқымды жұмыстар атқарылуда. Біз өңірде отырып бұл қолдауды анық сезінеміз, заң шығарушы билік бізге облысты дамытуға қажетті негіз қалап беріп отыр.
– Ал жергілікті жердегі депутаттарыңыздың рөлі қандай? Біздің білуімізше, облыс мәслихаттарында әр ауданда бір-ақ өкілдеріңіз бар. Шешім көпшілік дауыспен қабылданатын жерде бұл «жалғыздың» үні қалай шықпақ?
– Тәжірибе көрсеткендей, бір белсенді әрі сауатты депутат ондаған үнсіз отырғандардан артық іс тындыра алады. Иә, кәсіби маман болса және артында нақты істер тұрса, ол жалғыз болса да үлкен күш. Мысалы, Ұзынкөл ауданын алайық. Біздің депутат Жанболат Омаров мүмкін емес нәрсені жасады. Ол Киров атындағы мектептің мәртебесін сақтап қалды. Мектепті қайта ұйымдастырғысы келгенде, ол жай ғана қарсылық білдіріп қоймай, мәселенің түп-тамырын шешті: ауылға көшіп келуге ниетті отбасыларды тауып, оларды баспанамен және жұмыспен қамтамасыз етті. Нәтижесінде оқушылар саны артып, мектеп сақталды, ал балалар өз ауылында білім алуын жалғастырды.
Дәл осындай өзгерістердің драйвері Рудный қаласында да бар, ол – Игорь Шишов. Депутат мәслихат жұмысына бизнестегі қатаң тиімділік стандарттарын енгізді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша азаматтардың өтініштерін шешуде 100 пайыздық нәтиже көрсетті. Ол үшін «ұсақ» мәселе жоқ: Рудныйдағы жылу желілерін жөндеу, аулаларды абаттандыру немесе «Жас қанат 2006» ұжымымен кездесулердегі жүйелі проблемалар болсын, бәріне бірдей көңіл бөледі. Қазір ол конституциялық реформаны түсіндіру жұмыстарының алдыңғы шебінде жүр, рудныйлықтарға жаңа Конституция жобасы қарапайым адамның құқығын қалай қорғайтынын түсіндіруде. Депутаттың осындай кәсіби біліктілігі болғанда, мәслихаттағы көпшілік те оның пікіріне құлақ асуға мәжбүр болады.
– Сіздер кәсіпорындармен белсенді жұмыс істейсіздер. Бүгінде филиал жұмысының негізгі бағыты қандай?
– Біз азаматтар мен бизнес үшін «сервистік орталық» ретінде жұмыс істейміз. Ең тиімді құралдарымыздың бірі – «Шешімдер фабрикасы» партиялық жобасы. Мұның мәні қарапайым: «кәсіпкерлер нақты қандай кедергілерге тап болып отыр?» деген сұрақтың төңірегінде бизнестегі проблемаларға терең аудит жүргіземіз.
Осы жұмыс барысында электр энергиясына қатысты тарифтер мен ҚТЖ-мен өзара іс-қимыл мәселелері көтерілді. Біздің фракцияда бұл бағыттарға Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков кураторлық етеді. Партиялық жұмыс аясында біз Олжас Хайруллаұлын облысымызға шақырдық. Бірге КІА және «ЭПК-forfite» сияқты ірі кәсіпорындарды аралап, ондағы басшылық пен инженерлердің мұң-мұқтажын тікелей тыңдадық.
– Бұл сапардың нәтижесі қандай?
– Заңдарды өзгерту – бір күннің ісі емес, күрделі процесс. Бірақ бұл кейс біздің депутаттардың қарапайым, ашық және халықпен бірге екенін көрсетті. Олжас Хайруллаұлы барлық мәселені бақылауына алды, бүгінде құзыретті министрліктерден оң нәтижелі жауаптар алып жатырмыз. Біздің үніміз естілді, бұл мәселелердің шешімі бойынша болжам жақсы.
Сонымен қатар біз кеңес беру жұмыстарын да жалғастырып жатырмыз. Қаңтар мен ақпан айларында жаңа Салық кодексі бойынша мемлекеттік кірістер органдарымен бірге семинарлар сериясын өткіздік. Бүгінде облыстағы кәсіпорындарда 14 бастауыш партия ұйымы ашылды, оған 600-ден астам адам мүше болды. Бұл біздің негізгі күшіміз, осы арқылы филиал өндірістегі түйткілді мәселелерді көріп, әділ шешімдер таба алады.
– Бүгінде Re.Woman қоғамдастығының аты жиі естіледі. Ол не тындырып жатыр?
– Әйелдер қауымы тарапынан нақты қолдауға деген үлкен сұраныс бар. Re.Woman-ның идеялық шабыттандырушысы – партияның тең төрағасы Динара Шүкіжанова. Біздің филиалда бұл қоғамдастық облыстың 116 кәсіпкер әйелінің басын қосып отыр. Қыркүйек айында 200-ден астам қатысушы жиналған форум әйелдердің өңір экономикасына жауапкершілік алуға дайын екенін көрсетті.
– Re.Jastary жастар қанаты да өзгеше тәсілдер қолданып жүр. Бұл жастарға іс жүзінде не береді?
– Біз жай ғана «белсенділерді» емес, жаңа форматтағы лидерлерді тәрбиелеп жатырмыз. Облыста 150 белсенді жасымыз бар. POLITIQ лидерлер мектебі және «Кадрлық резерв» сияқты жобалар арқылы біз жастарға басқару жүйесінің қалай жұмыс істейтінін түсінуге мүмкіндік береміз. Біз ертең мәслихаттар мен әкімдіктерге нақты білімі бар мамандарды даярлап жатырмыз.
– Жаңа Конституция бойынша өтетін алдағы референдумға филиалдың ұстанымы қандай?
– Бұл тарихи сәт. 15 наурыздағы референдум жай ғана рәсім емес, бұл – Қазақстанның алдағы онжылдықтардағы даму жолын таңдау. Біз бұл жобаның азаматтар мен бизнестің құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталғанын көріп отырмыз.
«Respublica» партиясы Мемлекет басшысының бастамасын толық қолдайды. Біздің филиал қазір «белсенді жұмыс» режиміне көшті. Аудандар мен кәсіпорындарда кездесулер өткіземіз. Адамдар 15 наурызда берген дауыстары – мемлекет пен қоғам арасындағы жаңа әлеуметтік келісімге берілген дауыс екенін түсінуі тиіс. Біздің басты байлығымыз – облыстағы алты мыңға жуық партия мүшесінің сенімі. 15 наурыз – маңызды белес, біз әрбір қостанайлықты осы өзгерістердің бір бөлшегі болуға шақырамыз. Болашақты бірге құрайық!
– Рахмет! Істеріңіз берекелі болсын!
Әңгімелескен – Аслан ҚАНҒОЖИН
