Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығы және Арқалық қаласының 70 жылдық мерейтойына арналған қысқы «Жұлдыз» спартакиадасы аясындағы шаңғы жарысында Владислав Добчинский бас жүлдені иеленді.
Владислав Восточный ауылындағы Восточный жалпы білім беретін мектебінің оқушысы. Ол 7-8 оқушылар арасында 2000 метр қашықтықта сынға түсті.
5 — 6 сынып қыз балалар және ер балалар арасында Жалғызтал ауылындағы Тоқтар Әубәкіров атындағы негізгі орта мектебінің оқушылары Кәусар Қамбар мен Асылжан Қасымға тең келер спортшы табылмады. Жарыстың келесі қашықтығы 2000 метрден 7 — 8 сынып оқушыларының қыз балалары арасында Родина ауылындағы Ә. Бөкейхан атындағы жалпы білім беретін мектебінен Адия Қырғи бірінші орын алды.
Жарысты қалалық білім бөлімі мен қосымша білім беру орталығы ұйымдастырды. Дәстүрлі спорттық іс — шараға қала және ауыл мектептерінің 5 — 6 және 7 — 8 сынып оқушылары қатысып, барлығы 16 команда бақтарын сынаған болатын.
Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, жас спортшылар қысқы спорт түрінен өз шеберліктерін көрсетті. Қатысушылар жас ерекшеліктеріне сәйкес түрлі қашықтықтарда сынға түсті. Атап айтқанда: 5 — 6 сынып оқушылары 1000 метрге, ал 7 — 8 сынып оқушылары 2000 метрге жарысты.

Командалық есепте бірінші орынды Ә. Бөкейхан атындағы ЖББМ, ІІ орынды М. Әуезов атындағы №5 ЖББМ, ІІІ орынды А. Құнанбаев атындағы мектеп-гимназия иеленді.
«Аталған жарыс оқушылардың салауатты өмір салтын ұстануына, спортқа деген қызығушылығын арттыруға және достық қарым-қатынасты нығайтуға үлкен үлес қосты. Қысқы «Жұлдыз» спартакиадасы — жас ұрпақты шынықтырып қана қоймай, ел тарихындағы маңызды даталарды спорт арқылы ұлықтаудың жарқын үлгісі болды», – дейді жарысты ұйымдастырушылар.
Барлық жеңімпаз командалар қалалық білім бөлімінің медаль және мадақтамаларымен марапатталды.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы
