Қостанай облысында болжамды су тасқынына қарсы дайындық қарқынды жүргізілуі керек. Бұл туралы облыс әкімі Құмар Ақсақалов айтып, бірқатар тапсырма берді.
Су тасқыны қаупі бар өңірлер үшін шамамен 1 млрд теңгеге 50 техника сатып алынған. Оның ішінде өтімділігі жоғары 7 техника, 3 вахталық автокөлік, 20 жол талғамайтын техника бар. Қарасу ауданында 2024 жылдан бастап салынып жатқан су бұру арнасы елді мекендерді су басу қаупін төмендетіп, өзінің тиімділігін дәлелдеді. Басқа да дайындық шаралары жөнінде өңір басшысы ақпарат берді.
32 қорғаныс бөгеті тұрғызылып, нығайтылды, Тобыл өзені жағалауы бекітілді, автомобиль жолдарында 2 мыңнан астам су өткізу құрылыстары мен кәріз жүйелері тазартылды. Жолдардың 13 учаскесінде 38 су өткізу құбыры орнатылды. Қарасу ауданында Құндызды мен Обаған өзендерінің арналары тереңдетілді. 9 гидротехникалық құрылыс қалпына келтірілді. Су тасқыны кезеңінде жайылма судың ұлғаюына мониторинг жүргізу мақсатында жоғарыдан бақылау жұмыстары жүргізіледі, – деп мәлімдері Құмар Ақсақалов.
Қар шығару жұмыстары да қызу жүріп жатыр. Бүгінде өңірлерден 1,3 млн текше метрден астам қар шығарылған. Бұл жұмысты жеделдете түскен жөн, өйткені күн райы күрт жылынуы ғажап емес.
«2025 жылы ауқымды су тасқыны болған жоқ, биыл біз күрделі жағдайға дайын болуымыз қажет. Қазгидромет болжамы бойынша, облыс аумағының басым бөлігінде наурыз-сәуір айларында жауын-шашын мөлшері және ауа температурасы нормадан жоғары болуы мүмкн. Қар қорының көп болуы мен болжамды жауын-шашынның түсуі облыстың бірқатар ауданында орташа деңгейдегі су тасқынына әкелуі ықтимал. Деңгейі «орташа» деп бағаланғанымен, біз еш жағдайда босаңсуға жол бермеуіміз керек. Көктем мезгілі – әрқашан жоғары қауіп кезеңі. Осыған байланысты облыстың бүкіл аумағында жауын-шашын мөлшері мен қар жамылғысының биіктігіне қатысты тұрақты мониторинг пен ақпарат жинау жұмыстары жүргізілуі қажет», – деді бұл жөнінде облыс әкімі.
Оның айтуынша, қазіргі басты міндет – су тасқыны жағдайларына тас-түйін дайын отыру және халық пен инфрақұрылымға қауіп-қатер төнбеуін қамсыздандыру. Осыған байланысты өңір басшысы нақты тапсырмалар беріп отыр.
«ТЖД тарапынан 19 гидротехникалық құрылыстың жағдайына ескерту бар. Анықталған ескертулерді бақылауға алып, оларды жою жұмыстары күшейтілсін. Су тасқынына қарсы барлық іс-шараларды орындау үшін жанар-жағар май және инертті материалдардың, азық-түліктің, жүзу құралдарының, су сору және инженерлік техниканың жеткілікті қорын алдын ала дайындау қажет. Қазіргі уақытта мұзды қопсыту бойынша жарылыс жұмыстарын жүргізетін орындар мен көлемдер айқындалды. Халық арасында аулаларды қардан тазарту жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Тұрғындар қарды көшеге шығарып үйсін, ал оны әрі қарай шығаруды коммуналдық қызметтер қамтамасыз етеді», – деді Құмар Ақсақалов.
Сондай-ақ ол су басу қаупі бар ауылдарда ауыр техникалар мен мотопомпаларды алдын ала орналастыруды, су бұру арықтары мен су өткізу құбырларын қар мен қоқыстан тазартуды міндеттеді. Бұның ұзын саны 31 елді мекенге қатысы бар. 12-сі – Амангелді, 16-сы – Қарасу және үш елді мекен Науырзым ауданында орналасқан.
«Біз барлық қауіптерге дайын болуымыз керек, сондықтан Тобыл-Торғай бассейндік инспекциясы,«Қазгидромет», «Казводхоз» филиалдары 1 наурыздан бастап күн сайынғы мониторингті күшейтсін. Ресей Федерациясының көршілес өңірлерімен өзендердегі су бастауы мен қауіптердің туындауы туралы тұрақты ақпарат алмасу ұйымдастырылсын. Оңтүстік аудандар Ұлытау қыраттарынан Ұлы-Жыланшық өзеніне келетін суға жедел әрекет ету мақсатында Ұлытау облысының көршілес аудандарымен өзара іс-қимылды қамтамасыз етсін. Ветеринария басқармасы осы жылдың 20 ақпанынан бастап су ауыл шаруашылығы құрылымдары мен облыстың оңтүстік аудандарындағы қыстақтарды аралап шықсын», – деп қадау-қадау тапсырма берді облыс әкімі.
Мұның сыртында аудан-қала әкімдеріне де бірқатар міндеттеме жүктелді. Оларға барлық күштер мен құралдардың барынша дайын болуын қамтамасыз ету, қарды уақтылы шығару жұмыстарын, елді мекендер айналасындағы су өткізу құбырларын тазарту жұмыстарын күшейту, тұрғындармен аулаларын қардан тазарту туралы түсіндіру жұмысын жүргізу тапсырылды.
«Ал облыстық ТЖД су тасқынына қарсы іс-шаралардың орындалуына мониторингті жалғастырып, уәкілетті органдармен бірлесіп өңірлерді араласын. Туындаған төтенше жағдайларға жедел ден қою үшін күштер мен құралдардың дайындығын қамтамасыз етсін», – деп толықтырды өңір басшысы.
Айта кету керек, жылдағыдай, биыл да жедел штаб 1 наурызда өз жұмысты бастайды. Оған облыс әкімінің орынбасары Берік Таңжарықов жетекшілік етпек. Су тасқыны жағдайы нашарланған жағдайда облыстық жедел штабты тәулік бойы жұмыс істеу режиміне көшуге міндеттеледі.
Толығырақ – газеттің алдағы санында.
