Бұл жолы жиынға медицина және мәдениет саласының өкілдері қатысып, жаңа Конституциядағы өзгерістерге қатысты заңнамалық жаңашылдықтар жөнінде өз сұрақтарын қойды. Олардың арасында жергілікті «AMANAT» партиясы филиалының өкілдері де бар.
Кездесуде дәрігерлердің қауіпсіздігі, еңбек құқықтары және медицина қызметкерлерінің әлеуметтік қорғалуы кеңінен талқыланды.

Коалиция өкілдерінің айтуынша, 2022 жылғы референдум арқылы қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілген өзгерістер ең алдымен азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған.

«Жаңа Конституцияда адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктері кеңейтілгенін білесіздер. Осы орайда, Конституциялық Сот құрылып, азаматтардың тікелей жүгіну мүмкіндігі артып отыр. Әлеуметтік мемлекет қағидаттары нақтыланып, мемлекеттің халық алдындағы жауапкершілігі күшейтілді», – деді коалиция мүшесі Кенжеш Оразғалиқызы.
Өкілдердің пікірінше, бұл өзгерістер медицина қызметкерлерінің де құқықтық қорғалуына оң әсер етеді. Себебі денсаулық сақтау саласы – әлеуметтік саясаттың негізгі бағыттарының бірі.
Кездесуде коалиция мүшесі Айбек Таңатбаев медицина қызметкерлерінің қызметтік міндетін атқару кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесін көтерді.

«Соңғы жылдары дәрігерлерге қатысты құқықбұзушылықтар қоғамда алаңдаушылық туғызғаны белгілі. Осыған байланысты заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, медицина қызметкерлеріне күш қолданғаны үшін жауапкершілік күшейтіліп, қылмыстық және әкімшілік жазалар қатаңдатылды. Сонымен қатар, медициналық ұйымдарда қауіпсіздік шараларын күшейту, бейнебақылау жүйелерін орнату, күзет қызметін ұйымдастыру мәселелері қолға алынуда», – деді Айбек Таңатбаев.
Коалиция мүшелері «Еңбек адамы» ұғымына ерекше тоқталды. Дәрігерлер, мұғалімдер, құтқарушылар сынды мамандар қоғамның тұрақты дамуына тікелей үлес қосатын негізгі күш екені атап өтілді. Жиналған қауым еңбек қатынастары саласында да өзгерістер бар екенінен құлағдар болды. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі аясында қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау, әділ еңбекақы төлеу, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету талаптары күшейтілген. Сондай-ақ, медицина қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау шаралары, үстемақы мен қосымша төлемдер қарастырылған.

Денсаулық сақтау саласын реттейтін Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекске сәйкес медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігіне қойылатын талаптар нақты белгіленіп отыр. Медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесі айқындалды. Пациент пен дәрігердің құқықтары мен міндеттері тең дәрежеде бекітілді. Кәсіби қызметке заңсыз араласуға жол бермеу нормалары енгізілді. Кездесу соңында коалиция өкілдері медицина қызметкерлерінің ұсыныс-пікірлері назарға алынатынын айтып, заңнаманы жетілдіру жұмыстары жалғасатынын жеткізді.
Жиын ашық форматта өтіп, қатысушылар өзекті мәселелерді еркін талқылауға мүмкіндік алды. Бұл кездесу – мемлекет пен қоғам арасындағы диалогты нығайтудың тағы бір қадамы болды.
Мәдениет саласының қызметкерлерімен кездесуде ел өміріндегі маңызды саяси жаңғырулар жөнінде пікір алмасты.
Жаңа Конституцияға енгізілген өзгерістер кеңінен түсіндіріліп, олардың қоғам дамуына, оның ішінде мәдениет саласына ықпалы талқыланды.
Конституциядағы адам құқықтарын қорғауға бағытталған бірқатар маңызды түзетулерге тоқталды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Конституциялық соты қайта құрылып, азаматтарға өз құқықтарын тікелей қорғауға мүмкіндік берілді.
Бұл өзгеріс әрбір азаматтың, соның ішінде мәдениет қызметкерлерінің де заң аясында әділдікке жүгінуіне жол ашады.
Жаңа Конституцияда зияткерлік меншікке қатысты норма сақталған. Атап айтқанда, әркімнің шығармашылық қызмет еркіндігіне құқығы бар екені және зияткерлік меншік заңмен қорғалатыны көрсетілген. Бұл норма мәдениет қызметкерлері, жазушылар, композиторлар, суретшілер мен басқа да шығармашылық иелері үшін ерекше маңызға ие.
