Жалпы, баспасөз әр уақытта қажетті дүние саналады. Қазір оған бәсекелес ретінде әлеуметтік желілер пайда болды. Көпшілік әлеуметтік желіні жиі пайдаланады, алайда ондағы ақпарат баспасөз сияқты ұзақ сақталмайды және жүйеленген түрде болмайды.
Торғайдың мықты қыздарының бірі Рашиля Мурсалиева былай деп жазыпты: «Қолыңа сытырлатып оқитын газеттен артық не бар?» Сол себепті газет бізге қажет. Журналистика жан-жақты дамып келеді: әлеуметтік желілер де, газеттер де өсіп келеді, бірақ басылымдардың орны бөлек.
Мысалы, ғасырдан астам тарихы бар «Қостанай таңы» газеті бірнеше жыл бұрын 100 жылдық мерейтойын, Амангелді аудандық «Амангелді арайы» газеті 90 жылдығын атап өтті. Осы орайда газетке жазылу – дұрыс шешім.
Халық та осыны қолдайды. Аудан тұрғындары өзіміздің төл баспасөздерімізге жазылып, пікірлерін білдіруде, бұл өте маңызды.
Әлеуметтік желіде ақпарат көбіне бақылаусыз таралады. Кейде бейәдеп сөздерге де орын беріледі. Кім оқыса да шектеусіз, бақылаусыз ақпарат алады. Ал газетте бірыңғай тәрбие жұмысы жүргізіледі. Мұнда ешқандай әдепсіз сөздер жазылмайды, себебі әр мақаланы кәсіби мамандар қарайды, әр сөздің салмағын біледі. Әрбір мақаланың түбінде тарихи мән-мағына жатыр. Газет таза, мәдениеті жоғары ақпарат көзі болып саналады. Сол себепті мен үнемі жүрген жерлерде, халық арасында газетке жазылуға үгіттеп отырамын. Өзім де келіп түскен газеттердің әрбір номерін жібермей оқимын, шолып шығамын. Ғаламтордағы жазбаларға қарағанда, газет беттеріндегі ақпарат ойда жақсы сақталады. Сондықтан газетке жазылу – маңызды әрі қажетті іс.
Нұрлыбек Әлмағамбетов,
Амангелді аудандық мәслихатының төрағасы
Сұқбаттан үзінді
