Ауған жерінен Кеңес әскерінің шығарылғанына 37 жыл толуына орай қаладағы интернацианалист жауынгерлерге арналған ескерткіш басында «Батырлыққа тағзым» атты тағылымды еске алу жиыны көрініс тапты.
Іс — шарада интернационалдық борышын өтеген жауынгерлердің ерлігіне құрмет көрсетіліп, ескерткішке гүл шоқтары қойылды.

Жиынға Ауған соғысының ардагерлері, Ардагерлер кеңесі өкілдері, әскери бөлім қызметкерлері, жоғары оқу орны мен колледж студенттері қатысты.

Қала әкімінің орынбасары Мешітбай Жұманов Ауған соғысы – тарихтың қасіретті беттерінің бірі екенін алға тартып, ел үшін жанын қиған жауынгерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын жеткізді. Жастарды отансүйгіштікке, бейбітшілікті бағалауға және ардагерлерге әрдайым құрмет көрсетуге шақырды.

Арқалық қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Түбекбай Әубәкіров ауған соғысына қатысқан сарбаздардың ел алдындағы еңбегінің ерекше екенін айтты. Ауған соғысының ардагерлері естеліктерімен бөлісіп, жас ұрпаққа ерлік пен жауапкершілік жайлы өнегелі әңгіме өрбітті. Арқалық қалалық «Мұхтасиб Әлмұхамед» мешітінің наиб имамы Мұхатар Есдәулет қаза тапқан жауынгерлердің рухына Құран бағыштап, ел — жұртқа амандық пен бейбіт күн тіледі.
«Ауған соғысы ардагерлерінің ерлігі ел жадынан өшпейді. Бүгінгі еске алу жиыны әскери бөлім қызметкерлері мен студент жастардың бірлескен қатысуымен өтіп, ұрпақтар сабақтастығының жарқын үлгісіне айналды. Бұл тағылымды іс Отан үшін от кешкен батырларға тағзым ету, олардың ерлігін ұмытпай, тарихтан тағылым алу мақсатында жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Осындай мазмұнды кездесулер жастардың бойында патриоттық рухты күшейтіп, бейбіт өмірдің қадірін терең түсінуге жол ашады», – дейді қалалық ішкі саясат бөлімі Жастар ресурстық орталығының директоры Данияр Қожахметов.

Мұрат Жүнісұлы
Арқалық қаласы
