Арқалықтықтар Ауған соғысының ардагері Марат Бәлдіковті еске алды

Арқалықтықтар Ауған соғысының ардагері Марат Бәлдіковті еске алды

«Жігер» стадионында 15 ақпан – Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 37 жыл толуына орай Ауған соғысының ардагері Марат Батырханұлы Бәлдіковті еске алуға арналған волейболдан ерлер командалары арасындағы қалалық ашық турнир ұйымдастырылды.

blank blank

Турнирдің салтанатты ашылуында еліміздің Әнұраны асқақтап, Ауған соғысының ардагері Марат Батырханұлы бір минуттық үнсіздікпен еске алынды. Қала әкімі Әмірхан Асанов құттықтау сөз сөйлеп, қарулас достары Ерлік Мәуітов, Ғалымжан Ерназаров, досы Анас Ескендіров, бауыры Нұрлан Бәлдіков және қызы Әйгерім Маратқызы естеліктерімен бөлісті.

blank blank blank blank blank blank blank blank

Марат Батырханұлы 1987 жылы мамыр айында әскер қатарына шақырылады. Ауған жерінде №181-ші атқыштар полкінің «Град» дивизионында әскери борышын абыройлы атқарады. Ауғанстанның оңтүстік — шығысындағы Гардез қаласына бірнеше мәрте жауынгерлік тапсырмалармен шығып, әскери міндетін жоғары деңгейде орындайды.

blank blank blank blank blank

Ауғаннан оралған соң елде бейбіт еңбекке араласады. 1999 жылдан өмірінің соңына дейін Кеден саласында нәтижелі қызмет атқарды. Қызметін атқара жүріп, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге өлшеусіз үлес қосты.

Бір үйден екі соғыс ардагері шыққан. Әкесі Батырхан Бәлдіков Ұлы Отан соғысына қатысқан. Мектеп директоры болып, «Ұстаздардың ұстазы» атанған тарихи тұлға.

Еске алу турнирі өткен жылы басталған болатын. Биыл жалғасын тағы тапты. Жыл сайын арасы үзілмей дәстүрлі түрде өтіп тұрса деп тілейді тілеулестері.

«Марат Батырханұлы ел есінен өшпейтін тұлғалы азамат. Күні кешеге дейін ел ішіндегі іс — шараларда гитарасын қолына алып, жауынгерлік әндерді асқан бір тебіреніспен шырқайтын. Үнемі халқының ортасынан табылып үлкен — кішіні кішіпейіл мінезімен баурап алатын», – деп еске алады қандыкөйлек қаруластарының бірі Ғалымжан Тоқтарұлы.

Ауған соғысының ардагерін еске алу турнирінде 10 команда сынға түсті. Қала мекемелері, оқу орындарымен қатар, көршілес Амангелді және Жангелдин аудандарынан да командалар келіп қатысты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер медалмен, кубокпен және қомақты ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

 

Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген – автор

 

                                                                                                          Арқалық қаласы