Рудныйда болашаққа бастар тағы бір білім шамы жағылды

Рудныйда болашаққа бастар тағы бір білім шамы жағылды

«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған №8 қазақ тіліндегі жалпы білім беретін мектеп алғаш рет шәкірттерін қабылдап, заманауи білім мен ұлттық құндылықты ұштастырған жаңа оқу кеңістігі ретінде жұмысын бастады.

Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асқан жоба өңірдегі білім сапасын жаңа деңгейге көтеруді мақсат етеді.

Алғаш мектеп ашқан ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин: «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деген еді. Шынымен, білікті ұстаз алдындағы шәкіртке темірқазық тәріздіжол сілтейді, күн секілді сәулесін түсіреді. Себебі мектеп тек білім беретін ғимарат емес, ол – армандардың ұясы, болашақтың жарық шамшырағы және ұрпақтардың жүректеріне үміт отын жағатын орда.

Әлқиссамызды ұлт ұстазының сөзімен бекер бастап отырған жоқпыз. Биыл Ыбырай Алтынсариннің туғанына 185 жыл. Еліміз Тәуелсіздіктің 35 жылдығына қадам басқан шақта кеншілер қаласында білім ордасы есігін айқара ашты. №8 жалпы білім беретін мектеп тек қазақ тілінде білім беріп, 900 оқушыға дейін қабылдай алады.

blank

«Келешек мектептері» ұлттық пилоттық жобасы Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2023 жылдан бастап жүзеге асырылып жатқан ауқымды бағдарлама. Жобаның басты көздегені – еліміздің білім беру жүйесін жаңғырту, үш ауысымды және апатты мектептердің мәселесін шешу, ауыл мен қала мектептерінің білім сапасын теңестіру. Сондай-ақ оқушыларды заманауи технологияларға, яғни, STEАM, робот құрастыру, жасанды интеллектіге бейімдеу. Ал мектептің артықшылықтары жайлы білім ордасының басшысы Қымбат Бірманова кеңінен айтып берді.blank

«Мектеп үш қабатты және бірнеше корпустан тұрады, олардың әрқайсысы оқу процесін тиімді ұйымдастыруға бейімделген.Кіші, орта және жоғары буын оқушылары үшін жеке блоктар қарастырылған.Заманауи кабинеттер химия, биология, физика, информатика жәнеробот құрастыру сияқты пәндерге арналған, ал STEAM-зертханада инновациялық жобаларды жүзеге асыруға болады. Оқу кабинеттері компьютерлермен, интерактив тақталармен жабдықталған, шет тілдері кабинеттері лингафон құралдармен толықтырылған. «Келешек мектептері» деп бекер айтылып отырған жоқ. Ертеңгі ел үмітін ақтайтын осы жастар. Сол себепті барлық жағдай жасалған. Яғни, химия пәнінен нанотехнология, биология пәнінен биотехнология сынды зертханалық зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Ер балалар мен қыз балаларға өмірлік қажеттіліке негіздеген құндылықтарды дәріптейтін тәжірибелік сабақтар өтеді. Жаңашылдық бар, мысалы, 3Д принтерлермен жұмыс істеуіне болады», – дейді мектеп директоры Қымбат Бірманова.

Мұнда спорт пен шығармашылыққа да ерекше назар аударылған. Үш спорт залы, хореография залы, өнер студиясы және еңбекке баулу шеберханалары бар. Барлығында қажетті жабдықтар жеткілікті. Кітапхана, коворкинг аймақтары және аулада ойнауға арналған алаңдар оқушылардың жан-жақты дамуына септігін тигізеді.

blank blank

Мүмкіндігі шектеулі балалар үшін жылдам саты, пандустар, арнайы санитарлық бөлмелер және инклюзияны қолдау кабинеті бар. Асхана 255 орынға арналған. 1-4 сынып аралығындағы оқушылар тегін тамақтанады. Мұның сыртында аз қамтылған отбасылардың балалары да мемлекеттің қамқорлығында.

blank

«Бүгінде 1-8 сынып аралығындағы оқушы саны 580-ге таяды, ал 9-11 сынып оқушылары өздерінің бұрынғы мектептерінде оқуды аяқтайды. Себебі, аттестат алады, ендігісі мектеп бітіреді. Жаңа мектепке үйренуге де уақыт қажет, сол себепті емтихандарына дайындалуүшін қозғамай отырмыз. Мектепте 31 педагог жұмыс істейді. Қазіргі оқушы саны бойынша штат толық жасақталған. Алдағы уақытта конкурстық негізде мұғалім қабылдайтын боламыз», – дейді Қымбат Бірманова.

Бізге ұнағаны – бастауыш сынып оқушыларына арналған ойын алаңдары. Яғни, балалар ол жерде де өздерін дамыта алады. Мұғалімдерімен бірге ойын алаңына барып, емін-еркін ертегі оқып, ұлттық ойындарды бірлесіп ойнайды.

«Мектеп бір ауысымда оқытуға арналған. Сабақтар таңғы 8:30-да басталып, түске дейін өтеді. Түстен кейін қосымша бағыттар бойынша жұмыстар жүргізіледі, ол үшін де қажетті жағдай бар. Оқушылардың тамақтануы ұйымдастырылған. Қазір жеткізушімен екі ай мерзімге келісімшарт жасалды, ал кейін жеткізуші мемлекеттік сатып алу негізінде анықталатын болады. Құрылыс жүргізген компания ұсақ-түйек жұмыстарды аяқтап жатыр. Ол оқушылардың білім алуына ешқандай кедергісін келтірмейді. Қауіпсіздік басты назарда. Мектептің іші-сыртынажүзден аса бейнебақылау камералары орнатылған. Сондай-ақ жуық арада турникеттер іске қосылады, қазір оларды да әзірлеп жатыр», – дейді мектеп басшысы.

blank

Ал мектептің аумағында жеңіл атлетикамен шұғылдау үшін арнайы айналмалы жүгіртпе жол жасалған. Сонымен қатар 1-4 сыныптары үшін футбол алаңы және 5-11 сыныптар үшін үлкен алаң салынған. Жалпы 19 мың шаршы метр аумақты алып жатыр. Қыста доптаяқ ойнаймыз дегендерге хоккей корты бар.

blank blank blank blank

Оқушылар ұзақ үзілісте немесе түстен кейін мектепте қалып түрлі қазақы ойындарды ойнай алады. Соның бірі – «Қазақ хандығы» ойыны. Ойын жайында мектептің тарих пәнінің мұғалімі Жанбота Ғиса толық ашып айтып берді.

blank

«Бұл «Қазақ хандығы» – Қазақстанда Алматы қаласында 2017 жылы шыққан ұлттық тарихи стратегиялық үстел ойыны. Қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне негізделген, ойыншыларды жүздерді біріктіру және хан сайлау дәуіріне енгізеді. Ойынның мақсаты – қазақ руларын өз туының астына жылдам біріктіріп, хан атану. Төрт ойыншы болады. Ойын уақыты 30-40 минут. Ойын кубиктерсіз, толық стратегиялық: дөңгелек циклдік өрісте жасушаларды басып алу, көрші жасушалар бір-бірін қорғайды.Әр ойыншы сұлтан рөлінде ойнайды, руларды (киіз үйлер) жинап, қарсыластарынан жылдам хан атанады. Логика, шешім қабылдау, тактика қажет. Ойын патриотизмді, бірлікті дамытады, стрессті азайтады. Қазақ хандығының жүздерді біріктіру, гүлдену кезеңіне арналған. Қазақ дәстүрлері, батырлар, құрылтай элементтері бар.

«Ынтымақ жүрген жерде, ырыс бірге жүреді» – ойын ұраны», – дейді мектептің жас маманы.

Химия пәнінен де оқушылар түрлі тәжірибе жасап машықтанады. Күнделікті тұрмыста пайдаланатын иіс сабыннан 8-сынып оқушысы Іңкәр Алдаш кристалдар жасап үйреніпті.

blank

«Оны бір немесе екі айда істеуге болады. Бұл жобаны ортаңғы буында оқып жүргенде қолға алған едім. Мысалы, сабынды ерітіп түрлі қалыптарға салып, қайта қатырамыз. Тиісінше қажетті бояумен бояп, қалыптан аламыз. Мұнда түрлі аңдардың қалыптары бар. Онымен қол жуа беруге болады», – дейді жас зерттеуші Іңкәр Алдаш.

Мектеп Қостанай облысы бойынша Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясының өңірлік үйлестірушісі қызметін атқарып, осы салада халықаралық тәжірибе алмасу бойынша белсенді жұмыс жүргізуді жоспарлап отыр.

«Жетінші мектеп-гимназия 2022 жылы Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясына енген еді. Өзім облыс бойынша осы клубтардың үйлестірушісімен. Облыста 12 клуб жұмыс істеп тұр. Осы мектепке де өкілеттілік берілген. Бұл бізге оқушының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, «Таза Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде экомәдениетті қалыптастыруға септігін тигізеді. ЮНЕСКО-ның 17 бағыты бар. Барлық бағытын қамтуға тырысамыз», – дейді мектеп басшысы.

blank

Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық жоба аясында өңірде 4500 орындық 6 мектеп ашылды. Олар Арқалық қаласында, Қостанай ауданының Заречный ауылында, екі мектеп Қостанай қаласында, Әулиекөл ауданының Құсмұрын ауылындажәне Рудный қаласында.
Кеншілер қаласындағы мектепті жоғарыдан қарайтын болсаңыз самұрық құстың бейнесін көруге болады. Ал білім ошағы«Самұрық-Қазына» АҚ қолдауымен салынған.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ
Рудный қаласы