Файзолла Сатыбалдыұлы – Тобыл-Торғай өңіріне аты мәшһүр болған шығыс әдебиеті мен қазақтың халық ауыз әдебиетін жетік меңгерген ақын,ишан,құран-қари болған зиялы тұлға. Файзолла туралы айтқанда алдымен оның әкесі Сатыбалды ишан еске оралады. Ақынның жас күнінен сауатын ашып, ел ісіне араласып, тәлімді болып өсуіне әкесінің тигізген ықпалы зор. Ақынның ұлт көсемдерінің бірі, ақын, қоғам қайраткері, көрнекті ағартушы Міржақып Дулатұлымен рухани байланыста болған.
Ф.Сатыбалдұлының інісі Нұриден Мурзин ақсақалдың айтуы бойынша Міржақып пен Файзолла бала кездерінде бір-біріне үйір болған. Міржақып Файзолладан тура үш жас кіші. Бірақ ерте есейген. Оған себеп ол әке-шешесінен ерте айрылған. Жастай өмір талқысын көрген. Оның үстіне кемеңгер Ахмет Байтұрсынов қамқорлығында болған.

Ал Файзолла болса дәулетті шаңырақта дүниеге келіп, бұла болып өскен. Міржақыптай емес кештеу есейген. Тіршілік қарекетіне де кенжелеу араласқан. Оның үстіне 9 жастан 22 жасқа дейін елде емес, сыртта жүрген, 7 жаста – өз әкесінен, 8 жаста – Кәлмен молдадан, 9-11 жас аралығында – Тройцкідегі Ахон хазірет медресінде оқыған. Оны бітірген соң 11-17 жас аралығында Бұхарадағы Қожа Аһрар медресесінде дәріс алады. Бұдан елге 17 жасында құранқарилық атақ алып қайтады. Одан елде 3 ай болып Тройцкідегі Зейнолла хазірет медресесіне түседі.
Осы 1899 жылы Файзолла Бұхардан елге оралып келе жатады. Оның бұл сапарынан көп ел хабарланады. Бұл пікірді ақынның «Өз өмірім» деп аталатын поэмасы қуаттайды. Сондықтан ақынның өзіне жүгініп поэмадан шағын үзінді келтірейік:
Пенденің тәуір берер мүддағасын,
Таупиқты қабыл етсе ирадасын.
Ұстаздың ұлықсатын сол жерде алдым,
Қарилық құран хатым фатихасын.
Сол жылы ұлықсат алып қайттым елге,
Кір жуып, кіндік кескен туған жерге.
Жол шеті Бұхарадан пойызбенен,
Ташкентке қалдық жетіп бірер күнде.
Бұйырған жолдағы елден нәсіп теріп,
Ташкенттен салт атпенен кеттік жүріп.
Ортада Шымкент, Сайрам елін басып,
Бір күндер Түркістанға жеттік келіп.
Сол жерден тіке тарттық Торғай асып,
Елдерін дариялықтың өттік басып.
Көп екен біздің елден отар қойшы,
Олармен қалдық жиі дидарласып.
Қойшының қонысы екен Арыс құмы,
Естіпті келеді деп олар мені.
Алдымнан ат шаптырып күтіп алып,
Он-он бес күнге дейін жібермеді.
Қоштасып қойшылармен көңіл тасып,
Жағалап Мөлдір, Киік жолын қашық.
Жымиқы, Жыланшықтың елдерімен,
Аралап ара қондық араласып.
Келген соң Жыланшыққа Торы ағайын,
Қарсы алды құрмет жасап қылып дайын.
Міржақып 200-дей адам ертіп,
Тұр екен алып жүрді бәрі дайын.
Жақсының нәсілі ғой өнегелі,
Міржақып жас азамат тәрбиелі.
Ойнаймыз қалжыңдасып, сыпайылап,
Болғанда ол – нағашы, мен – жиені.
Өзгеден жас та болса артық ісі,
Құрметтеп жүреді екен үлкен-кіші.
Сөйлейді шежіредей хатқа жазған,
Қазына алтын сандық секілді іші, – деген жолдар бар.
Файзолла Сатыбалдыұлының ұрпақтары шығарған «Шерлі жылдар, шерулі жырлар» атты кітабында бұл өлең сәл өзгешелеу берілген:
Келген соң Жыланшыққа Торы ағайын,
Қазақтың мен білмеймін салт-сыңайын.
Атамның марқұм болған қызметі үшін,
Тұр екен мені күтіп болып дайын.
Міржақып ел ағасы дайындалып,
Тұр екен екі жүздей адам алып.
Атамның қайтқанына көңіл айтып,
Жөнелді баршалары дидарланып,
Аталған жинақтан «жақсының нәсілі ғой тәрбиелі», «Өзгеден жас та болса артық ісі» деп келетін шумақтарды кездестіре алмадық. Сондықтан жоғарыдағы шумақта айтылған шумақтардағы Міржақып, Міржақып Дулатұлы болмауы да әбден мүмкін. Себебі ақын жырында айтылатын Жыланшық бойында мекендеген Торы Қыпшақтың ішінде де елге танымал Міржақып деген кісі өмір сүрген. Ол ХІХ ғасырда Торғай өңіріне аты шығып, 20 жыл болыс болған атақты Көбек бидің ұлы. Сатыбалды ишанмен сыйластықта болған Көбектің өзі ғана емес Сәрінжіп, Міржақып, Асат секілді ұлдары да ел ісіне белсене араласып, Торғай өңіріндегі айтулы деген оқиғалардың бел ортасында жүрген. Бұл жөнінде Адам ата, Хауа анадан бергі адамзат шежіресін жырмен жазып шыққан ақын Бұзаубай Жайлыбайұлының мынадай шумақтары да бар:
Сәрінжіп, Міржақып пен Асат қандай,
Дұшпанның төбесінен тас атқандай.
Форымы, қайратына ілімі сай,
Табиғат құдіретімен жасатқандай.
Сөйлесе, есіп тұрған бейне бұлбұл,
Адамның сай-сүйегін босатқандай.
Сондықтан Файзолла айтқан Міржақыптың осы Көбекұлы Міржақып болуы мүмкін екендігінде жоққа шығармаймыз. Дегенмен дәл сол кезеңде Міржақып Дулатұлының Терісбұтақта Көшімбек Балықұлының ауылында мұғалімдік қызметте болғандығы да, оның Файзолламен нағашылы-жиенді екендігі де рас. Ф.Сатыбалдұлының «Ұзақ жол» атты дастанында мынадай шумақтар кездеседі:
Бар екен Ақтеңізден тартқан канал,
Сол жерге алып барды жоқ қой амал.
Кездесіп сол арада Міржақыпқа,
Отырдым ескендей боп қоңыр самал…
Көзіме көрінді де қала берді,
Іштегі бір толқытып қайғы-шерді.
Файзеке, саған, — дейді үн шығарып, –
Көруге жазсын тағдыр туған жерді.
Тілегім – сенде аман бол, – дедім менде,
Нағашым, түпқазығым – алтын көмбе.
Бейнеттің барлығынан халас етіп,
Қылмасын рахаттан тағдыр кенде.
Айтқан сөз, қылған тілек осы болды,
Екіге кетті айырып бейнет жолды.
Міржақып – ор ішінде, мен – биікте,
Ыстық жас іштен шыққан көзге толды.
Кейін Файзолла айдаудан қайтқанда нағашысы, түп қазығы болған Міржақыптың қаза болғанын естігенде «Міржақыпты жоқтап, Ідірісті жұбатып» өлең шығарған. Бұл өлең алғаш рет Қараш Жүсіпбековтен жазып алынып, Аманкелді аудандық газетінде жарияланған еді. Кейін «Қазақ әдебиеті», «Торғай таңы», «Халық кеңесі» газеттерінде және 1992 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Қапастан жазылған хаттар» атты кітапта, Ф.Сатыбалдыұлының «Ай, заман-ай, заман-ай» және «Шерлі жылдар, шерулі жырлар» жинағында жарық көрген.
Қорыта айтсақ, дара тұлғалар сабақтастығы тектіліктің бір үзілмес тамыры деуге келеді. Ел аузында олардың тек жеке өмірі мен шығармашылығы ғана халыққа таралып жүргені анық, олардың өзара байланысы, қатынасы жайлы айтылып жүрген мағлұматтар кемде-кем.
Нұрсұлтан Қасым,
Қостанай қаласы
білім бөлімінің Абай атындағы жалпы
білім беретін мектебі» КММ
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
