Ақтөбеде екі жарым мың жас ауыл спортшысы бас қосты: V Жазғы ауыл жасөспірімдер ойындары басталды

Ақтөбеде екі жарым мың жас ауыл спортшысы бас қосты: V Жазғы ауыл жасөспірімдер ойындары басталды

Ақтөбеде еліміздің 17 облысынан жиналған 2,5 мың жас спортшы бір апта бойы спорттың 10 түрінен бақ сынамақ.

Жарыс Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылып жатыр. Бұл туралы Ақтөбе облысының әкімдігі хабарлады.

Ауқымды спорттық шараның ашылу салтанаты «Мұз айдыны» ғимаратында өтті. Жарыстың ашылуында Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан жас спортшыларға сәттілік тілеп, мұндай ірі додаға өңірдің таңдалуы үлкен мәртебе әрі жоғары жауапкершілік екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халық денсаулығын жақсарту мәселесіне айырықша назар аудару қажеттігін атап өткен еді. Барлық жастағы азаматтар арасында бұқаралық спортты дамыту маңызды. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажет. Бүгінде облыста осы міндеттерді іске асыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Соңғы үш жылда өңірде 31 спорт нысаны пайдалануға берілді. Оның 24-і ауылдық жерлерде орналасқан. Сонымен қатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. 35 мың көрерменге арналған футбол стадионы мен 5 мың орындық көпфункционалды спорт кешенінің құрылысы басталды. «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен дене шынықтыру-сауықтыру кешені де салынуда. Еліміздің әр азаматы отаншыл, бірлік пен ынтымақты бұзбайтын, заң мен тәртіпті бұлжытпай сақтайтын, әділ әрі жауапкершілігі жоғары, еңбекқор, жаңашылдыққа жаны құмар болуы маңызды», – деді Жолдас Батырхан.

Биылғы ауыл ойындарының басты мақсаты – жасөспірімдер арасында бұқаралық спортты кеңінен дамыту, спорттық шеберлікті арттыру және ауылдық жерлердегі болашағы зор жас спортшыларды анықтау.

Жасөспірімдер асық атудан бастап футзалға дейінгі 10 спорт түрінен өзара мықтыны анықтайды. Бағдарламаға 3×3 баскетбол, волейбол, грек-рим күресі, дзюдо, еркін күрес, қазақ күресі, тоғызқұмалақ және үстел теннисі де енген.

Бұл жарыс – жас спортшылар үшін тек жүлде жолындағы бәсеке емес. Ауылдан шыққан таланттардың республикалық деңгейде танылуына, өзге өңірлердегі құрдастарымен тәжірибе алмасуына және үлкен спортқа алғашқы қадам жасауына мүмкіндік беретін маңызды алаң.

Дода барысында жас спортшылардың спорттық шеберлігімен қатар, тәртіп, жауапкершілік, командалық рух және қарсыласқа деген құрмет секілді қасиеттері де шыңдалады. Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай жарыстар болашақта елдің, соның ішінде олимпиадалық резервін қалыптастыруға өз үлесін қосады.

Ақтөбе қаласында өтіп жатқан V Жазғы ауыл жасөспірімдер ойындары 22 қыркүйекке дейін жалғасады. Бір апта бойы өңір елдің түкпір-түкпірінен келген жас спортшылардың басын қосып, ауыл жастарының спорттағы мүмкіндігін көрсетуге жол ашады.