Тыл ардагері, Қостанай ауданының тұрғыны, мәуелі ағаштай тамырын тереңге жайған Ғайникамал әженің омырауы төсбелгіге толы.
Әр белгіде әжейдің елге жасаған еңбегі мен ұрпағына сіңірген қажырлы қайраты жатыр.
«Көп балалы батыр ана» және «Тыл ардагері» төсбелгілері оның бар ғұмырын баяндап тұрғандай.

«Әкеден ерте айрылып, жастайымнан еңбекке араластым. Шешем үш баланы қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, тірнектеп жүріп өсірді. Соғыс басталған жылдары педагогикалық училищенің бірінші курсын аяқтаған едім. Елде соғыс болып жатқанда қайдағы оқу, еңбек ету керек болды. Тылда тракторшы болып жұмыс істедім. Жастық шағым қиындыққа толы болды. Осы күнге еңбек пен төзімділіктің арқасында жеттім», – дейді тыл ардагері Ғайникамал Тәткенова.
Әжейдің сөзінше, қиын қыстау кезеңде жұмыс талғамаған. Сұм соғыстың кесірінен елде ер адам қалмады. Бәрі майданға аттанды. Елдегі қара жұмысты әйел адамдар атқарған. Егін егіп, шөп шауып, шабындықта жүрген. Жұмыс қолы жетіспегендіктен арасында сиыр сауып, мал жайлаған. Ердің де, әйелдің де жұмысын атқарған.

«Біз жанбағыстың қамын ойладық. Қыз болып қылмиып, сән қумадық. Балалық та, жастық та шағымыз тек жанталас жұмыспен өтті. Бүгінгідей тоя тамақ та ішпедік. Қазір бәрі артта, ертегі болып қалды», – деп күрсінді кейуана ана.
Соғыс аяқталған соң, 1947 жылы Қайдар есімді жігітке 21 жасында тұрмысқа шығып, 11 құрсақ көтерген. Оның 4 перзенті шетінеп, қалған 7 баланы бағып-қағып, өсіріп, құтты орындарына қондырған. Бүгінде кіші ұлы Әділбектің қолында.

«Қазақта кіші ұлды «қарашаңырақ иесі» деп жатады. Менен кейін қарындасым бар. Мен ұлдың кішісімін. 1992 жылы әкем өмірден озғасын анамды қолыма алдым. «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» демекші, зейнет жаста болсам да, бұл кісінің алдында әлі күнге дейін бала сияқтымыз. Қайда барсақ та үйде тілеуімізді тілеп отырады. Өмірі қанша қиындыққа толы болса да, бізді ешкімнен кем қылмай өсірді. Әрқайсымызға жоғары білім беріп, оқытты. Анама өте ризамын. Ақ сүтін қаншалықты ақтай алғанымды білмеймін, дегенмен жолдасым екеуміз бар жағдайын жасауға тырысамыз», – дейді кіші ұлы Әділбек.
Өмірдің талай соқпағын бастан кешірсе де, әжейдің құлағы естіп, көзі көреді, таяққа сүйеніп жүріп-тұрады. Осынша қиындықты басынан кешірсе де, өз қуаты өзінде.

Камал әже бүгінде жеті баладан 16 немере, 23 шөбере, 5 шөпшек сүйіп отыр. Бұл бақытты бейнетінің зейнеті, бала күнінен көрген қиындығына құдайдың берген жақсылығы деп бағамдадық.
«Анамыз сырттағы бала-шағасының, немере-шөбересінің амандығын сұрап, біліп отырады. Бұрындары көрпе-көпшік, іс тігетін шебер еді. Соңғы екі-үш жылда көзіне ота жасаған соң, оны қойды. Жолдасым екеуміз жұмыс басты болдық. Бірақ анамыз бар деп, үй-жайды сеніп тапсырып кете беретінбіз», – дейді қолында отырған кіші келіні.
Жеңгеміз әжейдің жасын берсін деп ырымдап, маған ертеректе қарт ана өз қолымен тіккен қол сөмкені сыйға тартты. Ырымшыл халықпыз ғой, сыйлықты қуана-қуана қабыл алдым. Кетерде ғасыр жасаған анамыздан бата сұрадым.
«Замандарың тыныш, рахат өмір кешіп жатырсыңдар. Аллаға шүкір, бәрі бар. Не ішем, не жеймін демейсіңдер. Істеймін деген адамға екі қолға бір күрек табылады. Біз не көрмедік. Соғыс, жоқшылық, өзгеге жалтақтық. Бәрі бастан өтті. Енді құдай ондай өмірді ұрпағымызға көрсетпесін. Ел тыныш болсын! Бейбіт аспан астында бақытты ғұмыр кешіңдер! Сендер де мен сияқты жүз жасаңдар, айналайындар!», – деп ақ батасын берді кейуана.
Заманында қиындыққа мойымай төтеп берген, болашақ ұрпағы үшін өмірдің ыстығы мен суығына төзе білген асыл ата-бабаларымыздың арқасында бейбіт өмір кешудеміз. Мың тағзым. Сан ғасыр арпалыспен болашаққа тек үмітпен қараған қарияларымыз сиреп барады. Оларға тек алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Анамыздың тілегі қабыл, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Бота МАНЕТ
Суреттерді түсірген – Василий Васильев
Қостанай ауданы
