Қостанайлық оқушылар Жәутіков олимпиадасында алтын медальға ие болды

Қостанайлық оқушылар Жәутіков олимпиадасында алтын медальға ие болды

Қостанайлық екі оқушы Таир Әбдіқадыр мен Абзал Өжентай Алматыда өткен ХХІІ Халықаралық Жәутіков олимпиадасына физика пәнінен қатысып, екеуі де алтын медальға ие болды, деп хабарлады Қостанайдағы Білім-Инновация лицей-интернатының әкімшілігі.

Таир мен Абзал аймақтағы дарынды балаларға арналған Білім-Инновация лицей-интернатының 11-сынып оқушылары.

Екеуі де үздік, алғыр, зерек шәкірт. 7-сыныптан бастап физика пәнін тереңдете оқып, облыстық, республикалық олимпиадаларға қатыса бастапты. Білім жарысында әр жылдары жоғары нәтиже көрсете білген.

Биыл қос ұлан Жәутіков атындағы халықаралық олимпиадаға барып, алтыннан алқа тағып отыр.

Халықаралық олимпиада 10-15-қаңтар аралығында Алматы қаласында өтті.

Беделді білім сайысы биыл елімізде жиырма екінші рет ұйымдастырылды. Оған Армения, Әзербайжан, Белорусь, Болгария, Грузия, Қырғызстан, Моңғолия, Пәкістан, Ресей, Румыния, Тәжікстан, Түркменстан, Индонезия, Индия, Өзбекстан сияқты әлемнің 15 елі мен Қазақстанның әр аймағынан барлығы 612 оқушы мен 122 жетекші қатысты. Жас өркендер математика, физика және информатика пәндері бойынша білімдерін сынады.

Жеңімпаздарды марапаттау салтанатына Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова қатысты.

Олимпиада қорытындысында 70 оқушы алтын медальмен, 96 оқушы күміс және 158 оқушы қола жүлдемен марапатталды. Алтыннан алқа таққан қостанайлық қос ұлан ата-анасы мен ұстаздарының үмітін ақтады.

«Қазақстанның атынан қатысқан балалардың ішінде 28 оқушы алтын медаль алған. Соның екеуі біздің Қостанайдағы Білім-Инновация лицей-интернатының оқушылары. Таир мен Абзал 7-сыныптан бастап физика пәніне ерекше ынта қойып, терең зерттеп келеді. Бос уақыттарында физика ғылымына қатысты ізденумен жүреді. Тынымсыз еңбектің арқасында үлкен жетістікке жетіп отыр», – деп хабарлады Қостанайдағы Білім-Инновация лицей-интернатының әкімшілігі.

Қымбат ДОСЖАНОВА