«Зерек-2» кешені іске қосылды

«Зерек-2» кешені іске қосылды

Қостанай облысының ақылы автожолдарында «Зерек-2» кешендері жұмысын бастады. KAZ19 «Қостанай – Денисов» және KAZ03 «Қостанай – Ресей Федерациясының шекарасы» бағытындағы ақылы автожолдарда «ҚазАвтоЖол» АҚ-ның аркалық құрылымдарына орнатылған «Зерек-2» жылдамдық режимін автоматты түрде тіркеу кешендері іске қосылды.

Аталған кешендер көлік құралдарының белгіленген жылдамдықты арттыру фактілерін автоматты түрде анықтауға арналған. «Зерек-2» кешендері орнатылған аркалар төмендегі автожол учаскелерінде орналасқан.

Олар Қонай шағын ауданы маңында – 545 км.  Б. Майлин ауданы елді мекендерінің маңында екеу: Юбилейный кенті – 501 км, Тобыл кенті – 457 км. Денисов ауылы маңында – 385 км. Қарабалық ауданы бағытында: Қайрақ бекеті – 379 км, Тоғызақ кентіне бұрылыс – 424 км, Озерное кенті маңында – 499 км.

Жылдамдықты бақылау Қазақстан Республикасының Жол қозғалысы қағидаларының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

Автоматты режимде тіркелген барлық әкімшілік құқық бұзушылықтар «Әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізілімі» ақпараттық жүйесіне жолданады. Бұл жолдағы апаттардың алдын алу үшін істеліп жатқан шаралар. Сол себепті жол ережесін және жылдамдық режимін қатаң сақтаған ләзім.

Сералы МЫРЗАБАЙ