Мыңнан астам қостанайлық борышкер банкрот деп танылды Фото; zakon.kz

Мыңнан астам қостанайлық борышкер банкрот деп танылды

Елімізде 50 мыңнан астам қазақстандық банкрот деп танылған. Азаматтардың жалпы қарызы 188 млрд теңгеге жеткен. Біздің аймақ бойынша көрсеткішке көз жеткізу үшін облыстық Мемлекеттік кірістер департаментіне жүгіндік.

Қолымызға тиген ресми дерекке сәйкес, облыста соттан тыс банкроттық алуға  8303 өтініш берілді. Нәтижесінде 1397 борышкер 2,6 млрд теңге сомаға банкрот деп танылған.

Ал сот банкроттығы бойынша 3,8 млрд теңгеден астам сомаға 110 өтініш берілген. 46 борышкерге 3,2 млрд теңгенің рәсімі қолданылды. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жөнінен 38-ден  394,8 млн теңгеге, 21-ден  227,1 млн теңгеге дейін рәсім жасалған. Банкроттық рәсімді қолдану барысында бірқатар шектеу қарастырылғанын ескерген жөн.

«Банкроттықтың салдарынан банктерден және микроқаржы ұйымдарынан 5 жыл қарыз алуға тыйым салынады. Банкроттыққа қайтадан өтінім беру 7 жылдан кейін мүмкін болады. Банкроттықтан кейін 3 жыл ішінде мүлікті сатып алуды бақылау (мониторинг) жүзеге асырылады», – деп хабарлады департаменттің Борышкерлермен жұмыс жөніндегі басқармасының басшысы Асқар Ещанов.

Қымбат ДОСЖАНОВА