Қостанайлық келіншек жолдасын тексертемін деп алаяқтардың құрбаны болды Фото: finratings.kz

Қостанайлық келіншек жолдасын тексертемін деп алаяқтардың құрбаны болды

Ол Instagram желісінде «күйеуінің WhatsApp-тағы хабарламаларын оқуға көмектесемін» деген жарнаманы көрген. Жарнамадағы сілтеме арқылы өткен әйел Telegram-чатына бағытталып, өзін Полина деп таныстырған қолданушымен байланысқа шыққан.

«Полина» WhatsApp-тағы хат алмасуға қол жеткізу үшін алдымен 26 мың теңге көлемінде төлем жасау керегін айтқан. Ақшаны аударғаннан кейін жәбірленуші бос сілтемені алған. Кейін алаяқ «фото мен видеолар көп болғандықтан деректер көлемі үлкен» деп қосымша шамамен 20 мың теңге талап еткен.

Екінші төлемнен кейін күдікті барлық хат-хабарды өшіріп, байланысқа шықпай қойған. Аталған дерек бойынша алаяқтық белгілерімен қылмыстық іс қозғалды. Полиция қылмысқа қатысы бар тұлғаны анықтап жатыр.

Ішкі істер органдары күмәнді сілтемелерге өтпеуге және белгісіз адамдарға ақша жібермеуге қатаң кеңес береді.

Сералы МЫРЗАБАЙ