Нұрхан Ахметбеков атындағы мәдениет үйінде Жангелдин ауданының кітапханашыларына арналған мерекелік іс-шара өз мәресіне жетті.
Бұл күні оқырмандар мен кітапхана қызметкерлері үлкен мереке аясында бас қосып, кітапханашылардың қоғамдағы маңызды рөлі мен олардың еңбегін атап өтті.
Кітапханашылар күні аясындағы іс-шараның тақырыбы – «Кітапханашы – руханият шамшырағы» болып белгіленді. Кітапханашылардың кәсіби мерекесі әрдайым қоғамның рухани байлығын арттырып, кітап әлемін насихаттап жүрген мамандардың еңбегіне деген құрметтің бір белгісі болып саналады.
Іс-шараның шымылдығын арнайы бейнеқұттықтау арқылы ашқан Л.Н. Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры, Сәния Серікқызы Безаубекова әріптестерін құттықтап, кітапхана қызметкерлерінің қоғамдағы маңызды орнын атап өтті.
Мерекелік жиынға қатысушыларды мәдениет пен білімнің теңдесі жоқ бірегей әлеміне жетелейтін кітапхана ісінің ардагерлері мен жаңа буын мамандары құттықтады.
Іс-шараның басты бөлімінде бірнеше баяндамашы кітапхана ісінің қазіргі жағдайы мен болашағы туралы терең ойларымен бөлісті.
Алғашқы баяндамашы – Ш.Уәлиханов атындағы ЖББМ кітапханашысы, Гүлбақыт Сатбекқызы Накенова «Мектеп кітапханасының заманауи бағыты» тақырыбы бойынша сөз сөйлеп, мектеп кітапханаларының оқушылар мен мұғалімдер үшін мәдени, ғылыми орталыққа айналуы қажеттігін атап өтті.
Екінші баяндамашы, Сарысу ауылдық кітапханасының қызметкері Әсемгүл Талғатқызы Ахметжанова «Ауыл кітапханасы – халықтың рухани орталығы» тақырыбында, ауылдық кітапханалардың әлеуметтік-мәдени функциясын баяндап, ауыл тұрғындарының білім мен мәдениетке деген сұранысын қанағаттандыруда кітапханашылардың рөлі ерекше екенін айтып өтті. Кітапхана – білімнің кілті, ал кітапханашы – сол білімнің шырақшысы деген сөздермен өз баяндамасын түйіндеді.

Кітапханашыларға арналған салтанатты жиында аудан әкімі, Дінмұханбет Серікұлы Бидашев құттықтау сөз сөйледі. Ол кітапханашылардың маңыздылығын айтып, олардың қоғамда білім мен мәдениетті таратудағы зор еңбегін атап өтіп, бірқатар мамандарды марапаттады.

1. Торғайбайқызы Сайлаугүл – мектеп кітапханасында көп жылдық қызметі үшін «Қостанай облысы Білім және ғылым ұйымдары қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Еңбек ардагері төс белгісімен марапатталды.
2. Гүлзада Ғұбайдоллақызы мен Закира Ерхатқызы – кітапхана саласындағы көп жылғы еңбегі үшін «Жангелдин ауданы әкімі» Алғыс хатымен марапатталды.
3. Ахметжанова Әсемгүл Талғатқызы – «Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасының» Грамотасымен марапатталды.
4. Қойшығұл Ләззат Балтабайқызы – «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» Құрмет грамотасымен марапатталды.
5. Іскендір Гүлнәр Сағынтайқызы – ҚР Ұлттық кітапханасының Алғыс хатымен марапатталды.
Салтанатты жиын барысында марапаттау рәсіміне сахнаға Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының «Жангелдин ауданының білім бөлімі» ММ-нің басшысы Абай Қасымұлы және «Жангелдин ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» ММ-нің басшысы Жанар Асанқанқызы шақырылды. Олар кітапхана саласында зор еңбегімен ерекшеленген қызметкерлерді марапаттау үшін сахнаға көтерілді. Осы маңызды сәтте бірқатар кітапханашылардың еңбегі лайықты бағаланып, олардың аты-жөндері құрметпен аталды.
Жангелдин ауданының білім бөлімі тарапынан марапатталғандар:
1. Накенова Гүлбақыт Сатбекқызы – Ш.Уәлиханов атындағы Торғай ЖББМ кітапханашысы, Жангелдин ауданының білім бөлімі тарапынан Алғыс хатпен марапатталды. Мектеп кітапханасындағы шығармашылық жұмысы мен оқушыларға көрсеткен кәсіби қолдауы ерекше бағаланды.
2. Қасжан Гүлмайра Жалбырқызы – Ы.Алтынсарин атындағы ЖББМ кітапханашысы, Жангелдин ауданының білім бөлімі тарапынан Алғыс хатпен марапатталды. Мектеп кітапханасын оқу мен мәдениеттің негізгі орталығына айналдыру жолындағы тынымсыз еңбегі жоғары бағаланды.
3. Рахымжанова Венера Мейрамбекқызы – Н.Г.Иванов атындағы ЖББМ кітапханашысы, Жангелдин ауданының білім бөлімі тарапынан Алғыс хатпен марапатталды. Кітапхана ісінде көпжылдық тәжірибесі мен оқырмандарға деген ерекше ықыласы атап өтілді.
Жангелдин ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі тарапынан марапатталғандар:
1. Бірмағанбетова Қарлыға Әбдіқапарқызы – Жангелдин ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің Алғыс хатымен марапатталды. Қарлыға Әбдіқапарқызы кітапхана ісінде, ауданның мәдени шараларын ұйымдастыруда да ерекше еңбек сіңірген маман.
2. Абишева Алма Сапарқызы – Жангелдин ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің Алғыс хатымен марапатталды. Алма Сапарқызы өз саласында көп жылдық тәжірибесімен танылып, оқырмандарға қызмет көрсету мен мәдени іс-шаралар ұйымдастыруға қосқан үлесі үшін марапатталды. Іс-шара барысында әрбір марапатталушының еңбегі мен жанқиярлығы әңгіме болып, көпшілікке үлкен құрмет көрсетілді.
Мерекелік жиын соңында Нұрхан Ахметбеков атындағы мәдениет үйінің қызметкерлері кітапханашыларға арналған концерттік бағдарлама ұсынды. Мәдениет пен білімге деген ұлы құрметтің белгісі ретінде өткен іс-шарада ауданымыздың барлық кітапханашылары – аудандық, ауылдық және мектеп кітапханашылары қатысты. Бұл іс-шара бірлесе отырып ұйымдастырылған ауқымды мәдени шара, сонымен қатар әрбір кітапханашының қоғамдағы орнын ұлықтайтын үлкен қадам.
Кітапхана – білім мен мәдениеттің қарашаңырағы, ал кітапханашы – сол рухани байлықтың қақпашысы. Кітапханашылардың қызметі –ұрпақтан-ұрпаққа білім мен мәдениетті сақтап, таратуда маңызды рөл атқарады. Аталмыш іс-шара – кітапхана ісінің жоғары бағаланғанын, кітапханашылардың еңбегі мен қоғамдағы орнын ерекше атап өту үшін ұйымдастырылған тамаша шара болып табылды. Мерекенің соңында қатысушылар өздерінің көкейіндегі ризашылықтарын білдіріп, кітапхана мен мәдениетке деген құрметтері мен ынтымақтастықтарын көрсетті.
Білім мен мәдениетке бағытталған бұл мереке кітапханашылардың, барша қоғамның рухани дамуына өз үлесін қосатыны анық.
«Жангелдин ауданының
мәдениет және тілдерді
дамыту бөлімі» ММ-нің
бас маманы
Марғұлан Мұ
ратұлы Қасымбек
23.10.2025
