Республика күнінде қаланың Қайырбеков көшесі 54, 56, 58 үй тұрғындарына арналып, балалар ойын алаңы мен көше жаттығу алаңы пайдалануға берілді. Бұл нысандарды «Алюминқұрылыс» ЖШС тұрғындардың денсаулығын нығайту мен балалардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында 15 миллион теңге өз қаражатына салып берді.
Сондай – ақ, Маясова көшесі 4 мекен – жайында балаларға арналған ойын алаңы мен дене шынықтыруға арналған воркаут алаңы ел игілігіне ұсынылды. Нысанды 7 миллион теңге өз қаражатына салушы «Ибраева Г.А» жеке кәсіпкерлігі.

Спорт нысандарының ашылу салтанаттарында қала әкімі Әмірхан Асанов демеушілік танытқан кәсіпкерлерге алғысын айтып, Алғыс хаттарын табыс етті.

«Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаев: «Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі өте өзекті. Барлық жас санаттары арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажет. Соның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз» деп елімізде бұқаралық спорт пен инфрақұрылымды дамыту қажеттігін тапсырған болатын. Осы мақсатта біз соңғы 5 жыл көлемінде қаламыз бен қалаға қарасты ауылдарда мемлекеттің қаражатына және демеушілердің көмегімен барлығы 75 спорттық алаңдар және 53 балалардың ойын алаңдарын орнаттық» – деп атап өтті қала әкімі Әмірхан Асанов.
Аулалары абаттанған тұрғындардың қуанышында шек жоқ.

Қала жылдан жылға көркейіп, балшыққа батып жататын жерлерге инфрақұрылым салынуда. Балалар болсын, жастар, жасамыстар, егде жастағы адамдар болсын жылдың қай мезгілінде болмасын алысқа бармай – ақ, үйлерінің аулаларында бой жазып, денсаулықтарын шыңдауға қолжетімділік артып отыр.

Мұның бәрін нысандардың ашылуы кезінде үй тұрғындары айтып, үкіметке, облыс, қала биліктеріне ризашылықтарын жеткізді. Шашу шашылып, ұлттық салт – дәстүр сабақтастығының үйлесімді жалғасып келе жатқаны тағы бір мәрте паш етілді.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
