Түркістан төрінде жерлестеріміз Әлем кубогі мен Азия жүлдесін сарапқа салады 

Түркістан төрінде жерлестеріміз Әлем кубогі мен Азия жүлдесін сарапқа салады 

Бұл туралы «Тобыл-Торғай тарландары» қазақ күресі федерациясы хабарлады.

«Ұлттық болмысымыздың символына айналған қазақ күресі тағы да дүбірлі дода төрінде! Бұл жолы әлемнің ең мықты балуандары киелі Түркістанда бас қосып, кім мықтыны анықтайды. 2025 жылдың 30–31 қазан күндері, Түркістан қаласында өтетін Қазақ күресінен Әлем кубогі — тек спорт жарысы ғана емес, ұлт рухын, жігер мен намысты ту еткен нағыз тартыс болмақ. Осы байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасы сапында ел намысын қорғайтын балуандар қатарында «Тобыл-Торғай-Тарландары» қазақ күресі федерациясының жас әрі үздік балуаны Қабылан Нұрсұлтан да бар», – деп хабарлады федерация өкілдері.

Нұрсұлтан — тек өз өңірінің ғана емес, күллі қазақ жұртының үмітін арқалап шығатын, қайсар рухты, әдіс-амалы мықты балуан. Оның еңбекқорлығы мен табандылығы талай жеңістің бастауы боларына сенеміз.

Бұған дейін осы Түркістанда Азия чемпионаты жалауын желбіретпек.

«2025 жылдың 27–30 қазан аралығында түркі әлемінің рухани астанасы — Түркістан қаласында өтетін Қазақ күресінен Азия чемпионаты — алаш балуандары үшін үлкен сын, ұлт намысын паш ететін маңызды дода болмақ. Бұл байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасының сапында «Тобыл-Торғай-Тарландары» қазақ күресі федерациясының үздік балуаны, 55 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғайтын Баймурзин Архат та бозкілемге шығады», – ресми хабарламада.

Жас та болса, жалын жүректі, қайсар мінезді Архат — өңір мақтанышы ғана емес, ұлттық рухты бойына сіңірген нағыз жігіттің бейнесі. Оның тынымсыз еңбегі мен жеңіске деген жігері барша жас балуандарға үлгі.