25 қазан – Республика күні қарсаңында Қостанай облыстық сотында мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған облыстық байқау өтті. Шара барысында сот жүйесінің үздік тіл мамандары анықталып, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мәселесі кеңінен талқыланды.
«Мемлекеттік тілдің үздік маманы» атты облыстық шығармашылық байқау сот жүйесі қызметкерлерінің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін арттыру, тіл мәдениетін қалыптастыру және кәсіби құзыретін жетілдіру мақсатында ұйымдастырылды.
Жыл сайын дәстүрге айналған бұл байқау сот қызметкерлерінің кәсіби және тілдік біліктілігін арттыруға сеп болуда. Биылғы додаға аудандық және оған теңестірілген соттардан жеті маман қатысып, өз білімдері мен шешендік қабілеттерін сынға салды.
Қатысушылар бірнеше кезең бойынша бақ сынады: лексикалық және грамматикалық тапсырмалар орындап, кәсіби терминдерге қатысты білімдерін көрсетті. Сондай-ақ мемлекеттік тілде еркін, сауатты сөйлеу дағдылары да бағаланды.

Нәтижесінде әділқазылар алқасы үздіктерді анықтады.
Бас жүлдені Қостанай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының бас маманы – сот отырысының хатшысы Лейла Керімова иеленді.

І орын – Қостанай қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының бас маманы Зәуре Әбішева;
ІІ орын – Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының бас маманы, сот отырысының хатшысы Венера Доскеева;
ІІІ орын – Қостанай қаласының №2 сотының бас маманы, сот отырысының хатшысы Жанар Бралина.
Байқауда белсенділік танытқан Рауан Доскеева, Азамат Ибрайғалиев, Айсұлу Әлімтаева арнайы дипломдармен марапатталды. Ал іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқан құжат айналымы бөлімінің бас маманы Алмагүл Нұртазинаға облыстық сот тарапынан алғыс хат табыс етілді.
Байқау қорытындысында әділқазылар алқасының төрайымы, Қостанай облыстық сотының судьясы Гаухар Тыныштыққызы Сейдахметова қатысушыларға ризашылығын білдіріп, мемлекеттік тілдің қоғамдағы рөлін айрықша атап өтті.
«Мемлекеттік тіл – ел бірлігі мен егемендігінің нышаны. Оны құрметтеу – Отанды құрметтеу. Осындай байқаулар арқылы тілдің беделі артып, сот жүйесіндегі қызметкерлердің кәсіби әрі тілдік деңгейі нығая түседі», – деді Гаухар Тыныштыққызы.
Сондай-ақ іс-шара барысында Сот әкімшілігінің Қостанай облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Асхат Алпысбайұлы Дүйсенбаев қатысушылар мен жеңімпаздарды мерекемен құттықтап, мемлекеттік тілдің сот жүйесіндегі маңызы туралы өз ойын білдірді.
«Мемлекеттік тіл – тәуелсіздігіміздің тірегі. Сот саласында қазақ тілінің қолданысын кеңейту – біздің ортақ борышымыз. Осындай байқаулар қызметкерлердің тілге деген сүйіспеншілігін арттырып қана қоймай, кәсіби мәдениеттің де жоғары деңгейін қалыптастырады. Барша қатысушыларды Республика күнімен және байқаудағы жетістіктерімен шын жүректен құттықтаймын!», – деді Асхат Алпысбайұлы.
Байқауға қатысушылар бұл шараның тек сайыс емес, тәжірибе мен шабыт алаңы болғанын айтты. Тіл мәртебесін көтеруді көздеген игі бастама алдағы уақытта да өз жалғасын табары сөзсіз.
Диана Алмасқызы
