Қостанай өңіріне ел анасы, халықаралық «Qazaqstan Dauiri» газетінің Бас редакторы, қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызы «Ауыл – ел бесігі» экспедициясы аясында жұмыс сапарымен келді.
Сапар барысында ол басқарма басшылары, аудан әкімдерінің орынбасарларымен кездесіп, ұлттық құндылықтар мен ауылдың болашағы жайында мазмұнды ойларымен бөлісті.

Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов ауылдық аумақтарды дамыту мемлекеттің стратегиялық басымдығы екенін атап өтті.

– Сіздің экспедицияңыз бүкіл ел үшін үлкен маңызға ие. Ол ауылдың дауысын естуге, оның қажеттіліктерін түсінуге және ауылдық аумақтарды дамыту мемлекеттің стратегиялық басымдығы екенін көрсетуге бағытталған. Ауылдық жерлердің тағдыры Қазақстанның орнықты дамуымен, дәстүрлердің сақталуымен, азық-түлік қауіпсіздігімен және азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатымен тікелей байланысты, – деді ол.
Сәуле Мешітбайқызы сапар аясында елдегі тұралаған салалардың жандануына атсалысып, биліктің назарын аудару басты назарға алынып отырғандығын айтты. Сонымен қатар, бұл бастама негізінде жастардың тәрбиесі, отбасы құндылығы, білім алудың маңыздылығы туралы мәселелергеде ерекше көңіл бөлінуде.
Сәуле Мешітбайқызы бүгінгі қоғамдағы жиі кездесіп жүрген отбасылық және әлеуметтік жағдайдағы күрделі мәселелерге тоқталып, ұлттық құндылықтар мен отбасы мәселесінің, қоғамдағы қыз бала тәрбиесінің маңызы туралы келелі ойларын айтты.

– Бүгінде елде ерте жүктілік жағынан көш бастап тұрған өңірлердің саны артып тұр. Сондай-ақ, суицид бойынша да алдыңғы қатардағы орында тұрған аймақтардың көптігі бәрімізді алаңдатады. Кешегі «ұят болады, жаман болады, обал болады және сауап болады» деген сөздермен тәрбиеленген ересек буынның бүгінгі ұрпағы осы қасиеттерден ажырап кетті. Бұрын күйеуден қайтып келу өліммен тең болаты. Еліміз ажырасу бойынша әлем бойынша алдыңғы бестікте тұрғандығы қынжылтады. Ал, әке-шешесін «қарттар үйіне» тапсырып жатқан безбүйрек балалардың ісіне тіптен қарның ашады. Мінекей, бұл біздің намысымызға тиеді.Бұл кеудесінде инедей иманы бар адамды ойлантуы керек. «Отан – отбасынан басталады» деген ғой. Біздің ертеңгі болашағымыз мықты болу үшін біз мықты болуымыз керек. Баяғыда «атаң келе жатыр, әкең келе жатыр» деген сөздер берекенің бастауы еді. Қазіргі таңда осы құндылықтаржоғалып бара жатыр. Әлеуметтік желілерді жақсылыққа ғана пайдалануымыз қажет. «Бағалай білмегенге бақ қонбайды, қуана білмегенге құт қонбайды» дейді.Тәуелсіздігімізді сақтап қалу әрқайсымыздың қолымызда, – деді Сәуле Мешітбайқызы
Ол сонымен қатар қазақ баспасөзіне жазылудың маңыздылығын атап өтіп, жұртшылықты ұлттық басылымдарды қолдауға, қазақ газеттеріне жазылуға шақырды.

AMANAT партиясы облыстық филиалының өкілдері меймандарға экскурсия ұйымдастырып, тұлғалардың жүріп өткен жолымен таныстырды. Экспедиция аясында Сәуле Мешітбайқызы қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсарин кесенесіне арнайы барып, тағзым етті.
Кесенеде болып, ұлт ұстазының рухына тәу еткен еланасы ұлттың іргесі берік болуы үшін рухани сабақтастықтың, білім мен еңбекке адалдықтың маңыздылығын атап өтті.

Басқосу соңында келген қонаққа Міржақып Дулатұлының мерейтойынан естелік сыйлық табыс етілді.
Мұнан кейін қатысушылар Алаш қайраткерінің ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоғын қойды.

Сәуле Мешітбайқызы «Қостанай таңы» газеті тарапынан да сый-тартусыз қалған жоқ.

Басылымы мыздың бас редакторы Кенжеш Оразғалиқызы ұлт мұраты жолындағы мүдделес әріптесіне Тобыл жеріне келіп, елдің жағдайын көзімен көріп, түйткілді мәселелерді көтеруге атсалысқаны үшін айрықша алғысын білдірді.
Құрметті мейманға қазақ поэзиясының падишасы Фариза ақынның жыр жинағын тарту етті.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суретті ұсынған AMANAT партиясы облыстық филиалы
