9 қазан – Дүниежүзілік пошта күнін арқалықтықтар да лайықты табыстарымен қарсы алды.
Мерекелік безендірулер, қонақтарға арналған дастархан мәзірі, көтеріңкі көңіл күй бәрі де өз орнымен үйлесімін тапқандай.

Салтанатты шақта «Қазпошта» АҚ Арқалық қалалық филиалының басшысы Айна Тасқожайқызы сөз алып, төл мерекелерімен қатар, дәстүрлі «Жазылушылар күнін» атап өтіп жатқандарын да тілге тиек етті.
Күмбірлеген күй, әуелеген әсем ән мерекенің шырайын келтірді.

Қонақтар атынан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Түбекбай Әубәкіров, әріптесіміз, белгілі журналист, «Құрмет» орденінің иегері, «Арқа дидары» ЖШС басшысы Айткүл Бекентай, жыршы-термеші Қуанышбай Қазымбек ыстық ілтиапттарын білдіріп, пошта қызметінің заман қанша дамыса да халық үшін орны бөлек екенін алға тартты.

«Еліміздің бас газеттері: республикалық «Егемен Қазақстан» мен облыстық «Қостанай таңы» газеттерінің тұрақты оқырманымыз. Міне, кезекті рет тағы да жазылып, ұтысты болып жатырмыз. Пошта қызметкерлерін мерекелерімен құттықтаймыз. Әрдайым, еңбектері жарқырап көрініп, елдің алғысын ала берсін. Жазылушылары көп болсын», – дейді қалалық ардагерлер ұйымы жанынан құрылған ардагерлердің «Белсенді ұзақ өмір» орталығының координаторы Сұлушаш Әбдібек.
Алтын Дүйсенқызы,
Қайыңды ауылының тұрғыны:

«Пошта қызметі халыққа қажет. Қызметін тұрақты тұтынып тұрамыз. Шалғайдағы елдімекендерге дейін қажетін өтеп, уақытылы жұмыс істеп тұр».
Тұрақ Мақажанов,
Арқалық қаласының тұрғыны:

«Дүйім елдің бетке ұстар азаматы, «Алаш» ардақтысы Ахмет Байтұрсынов атамыздың алғаш шығарған «Қазақ» газеті осы пошта желісі арқылы тарады. Ұлт көсемдерінің бірі Міржақып Дулатұлы атамыздың да еңбектері газет беттерінде жарияланып, халыққа жетті. Сондықтан, поштаның қай уақта да халыққа атқаратын қызметі өте зор».
Жалпы, қала бойынша пошта саласында 57 адам қызмет көрсетеді. Оның 20-ы ауылдық мекенде жұмыс істейді.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
