Қостанай қаласының орталық бөлігінде ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған іс-шаралар Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық форумына дайындық шеңберінде қолға алынған болатын.
Бүгінде А.Байтұрсынов көшесіндегі саябақта жаңа брусчаткалар төселіп жатыр. Жұмыстың жартысынан көбі атқарылып, жоспар аяқталуға таяп қалды.
Қалалық әкімдік ғимаратынан бастап қазақ-француз орталығына дейінгі аумақта орналасқан субұрқақтарды жаңарту жоспарланып отыр. Сондай-ақ, орталық саябақтағы сусиыр мүсінді субұрқақ жаңғыртылады. Аталған субұрқақ қала тұрғындарының өтініші бойынша өз орнында қалатын болды. Мұндағы тас төсемдермен қатар орындықтар да жаңарады. Орталық сквердегі ескі орындықтар басқа аллеяға көшіріледі.
Субұрқақтарды жаңғырту ісімен айналысатын мердігер ұйымы да белгілі. Аталған бағыттағы жұмыстарды “БИ СУ” ЖШС қолға алмақ.
Көпжылдық гүл егу тиімді
Биыл қала көшелерін абаттандыруға жылдағыдан қомақты қаражат бөлінді. 31 мың м2 алаңға көгалдандыру жұмыстары жүргізілмек. 984 мың түп көшет отырғызылып, жиырма мыңға жуық ыдыстағы гүл егу жоспарланды. Ал, гүлзар алқабы үшін 151,7 млн теңге бөлінген.
Көшеттерді Назарбаев, Қобыланды батыр даңғылдары, Абай, Бородин, Тәуелсіздік көшелері мен “Шағала” жағалауына отырғызады. Мәуленов-Уральской, Қобыланды батыр-Киев көшелеріндегі айналма жолдарға және Уральской көшесіндегі әуежайға бұрылатын тұсқа, “Дружба” тұрғын алабының маңындағы айналма жолдың бойына гүл егу жоспарланып отыр.
Өткен жылы гүл егуге бюджеттен 73 млн теңге бөлінген еді. Биылғы қаражат мөлшерімен салыстырғанда әлдеқайда аз. Сондықтан, тұрғындар былтырғы көріктендіру жұмыстарына көңілдері толмайтындарын жеткізген болатын. Биыл олқылықтың орны толып, қомақты қаражат бөлінді. Тиісінше, мердігер ұйым да іске дер кезінде кірісіп кетті. Қала әкімі Марат Жүндібаев неғұрлым жергілікті көшеттерді отырғызуға кеңес берді.
Карбышев көшесіндегі айналма жолдағы көпжылдық өсімдіктер пилоттық жобасы өте жақсы нәтижемен жүзеге асуда. Қаланың басқа да айналма жолдарына дәл осындай тұқымдас өсімдіктер егу қарастырылуда. Өйткені, көпжылдық гүлдерді егу тиімді. Биыл айналма жолдарды безендіру ісімен “Жаңа өмір” ЖШС айналыспақ. Мердігер ұйым 88,5 млн теңге сомасына көпжылдық гүлдерді егетін болады.
Жол жөнделіп жатыр
Абай даңғыланан бастап Тәуелсіздік көшесіне дейінгі жол өткеліне қайта өңдеу әдісімен орташа жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Нысандағы жоспарлы жұмыстарға байланысты, Абай даңғылының белгілі бір бөлігі кезең-кезеңімен жабылып отырады. Жол жөндеу 31-шілдеге дейін аяқталмақ деген болжам бар. Қала әкімі Марат Жүндібаев Абай даңғылындағы жөндеу жұмыстарын мерзімінен кешіктірмей аяқтауды тапсырды.
Жолды жабу мерзімі жұмыстың күрделілігіне байланысты өзгеруі мүмкін. Сәйкесінше, аталған бағыттағы қоғамдық көліктердің жүру бағыты да өзгеріп отырады.
Қымбат ДОСЖАНОВА.
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.