Арқалықта ауылдарды дамыту мәселелері талқыланды

Арқалықта ауылдарды дамыту мәселелері талқыланды

Арқалық қаласында ауылдық округ әкімдерінің қатысуымен кеңейтілген жиын өтті. Оған Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов пен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Тәжібаев арнайы қатысты.

Күн тәртібінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес өзге өңірлерден қоныс аударушыларды қабылдау, шағын жинақты мектептерді онлайн оқыту жүйесіне көшіру, сондай-ақ «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауыл кәсіпкерлігін дамыту мәселелері қаралды. Жылыжай шаруашылығын көбейту, құс пен ешкі өсіруді жандандыру, ет, сүт, көкөніс өнімдері арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолдары да кеңінен талқыланды.

«Басты міндетіміз – ауылға қоныс аударған әрбір азамат өзін сенімді әрі жайлы сезінетін жағдай жасау. Мемлекет басшысы бізге осындай тапсырма жүктеп отыр. Кәсіпкерлікті қолдау, кооперативтерді дамыту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ауылдың тұрақты болашағының негізі», – деп атап өтті жиында сөз алған Ералы Тоғжанов.

blankҚала әкімі Ашутасты ауылында қоныс аударушыларға қолайлы жағдай жасау үшін орталықтандырылған жылу жүйесін іске қосу бастамасын ұсынды. Бұл жоба ауылды дамытудың алғышарты ретінде қарастырылып отыр.blankСонымен бірге ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамытуға қатысты жаңа бастама да ұсынылды. Атап айтқанда, малы көп шаруалар көршілеріне мал беріп, алғашқы жылы жеңілдік жасап, келесі жылдан бастап төлдері арқылы қайтару жүйесін енгізу жоспарлануда. Бұл үшін мал иесі, мал алушы және ауыл әкімі арасында үшжақты келісімшарт жасалатыны айтылды.blankЖиын қорытындысында ауылдарды өркендету мен қоныс аударушыларға қолдау көрсету өңір тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге тікелей ықпал ететіні айтылды.