Облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қамысты ауданының әкімі Ерлан Жаулыбаев өткен сегіз айдың қорытындысы бойынша есеп берді. Брифингте аудан әкімі мемлекеттік бағдарламалардың ауыл шаруашылығын дамытуға оң әсерін тигізіп жатқанын атап өтті.
– Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында біздің ауданда егістік көлемі ұлғайып, ауыл шаруашылығы құрылымдарының техникамен жабдықталу деңгейі жақсарды. Биыл жеңілдетілген несиелеу аясында 1 млрд 121 млн теңгеге 23 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге қаржы берілді. Атап айтқанда, «Кең дала» бағдарламасы бойынша – 313 млн теңгеге 8 АШТӨ, «Кең дала-2» бойынша – 796 млн теңгеге 14 АШТӨ, «Агробизнес» бағдарламасы аясында – 13 млн теңгеге 1 АШТӨ несие алды,, – деді Ерлан Жаулыбаев.
Аудан әкімі мал шаруашылығы саласындағы оң өзгерістерге де тоқталды.Оный айтуынша, ірі қара саны 14,3 мың басты құрап, өткен жылдың деңгейінде қалды. Алайда, басқа төрт түлік түрлеріне өсім бар. Бұл мал шаруашылығы саласын әртараптандыруға бағытталған жұмыстың жемісі.
Сонымен қатар, жем-шөппен қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар атқарылған.
– Қысқы мал азығы толық дайын. Ауыл шаруашылығы құрылымдары 13,8 мың тонна пішен, 27,3 мың тонна сабан және 15,2 мың тонна сүрлем жинады. Бұл облысқа бекітілген 1,5 жылдық жоспар толық орындалды, – деп нақтылады Ерлан Жаулыбаев.
Биылғы егін ору жұмыстары да ұйымшылдықпен жүргізілген. Бұл туралы әкім нақты деректермен бөлісті.
– Науқанға 1 425 техника мен 1 500-ге жуық адам тартылды. Сонымен қатар, аудан шаруашылықтары 664 млн теңгеге 14 жаңа техника сатып алды, Техникалық базаны жаңартудағы жүйелі жұмыстың нәтижесі, – деді аудан басшысы.
Аудан әкімінің айтуынша, былтыр агроөнеркәсіп кешеніндегі бірқатар инвестициялық жобалар іске аспаған. Алайда биыл бұл бағытта нақты жұмыстар қолға алынып, олқылықтың орны толтырылды.
– Өткен жылғы қателіктерден сабақ алып, биыл инвестиция тарту ісіне мықтап кірістік. Қазіргі таңда жалпы құны 1,11 млрд теңге болатын 4 жоба жүзеге асырылады деп жоспарлануда, – деді Ерлан Жаулыбаев.
Қазірдің өзінде үш инвестициялық жоба іске қосылды. Арқа ауылында
200 млн теңгеге асыл тұқымды мал (Әулиекөл тұқымы) өсіруге арналған мал шаруашылығы кешені қайта жабдықталды. Алтынсарин ауылында
қуаттылығы 5000 басқа дейінгі ірі қара малды бордақылау алаңы іске қосылды.
Адаевта Қамбар ата түлігін 250 басқа дейін жеткізе отырып, мал шаруашылығы базасы салынды. Сонымен қатар, ауданның ең инвестициялық сыйымды жобасы – Алтынсарин ауылында қуаттылығы 5000 басқа дейінгі ірі қара малды бордақылау жөніндегі объектілерді реконструкциялау жобасы тіркеу сатысында тұр. Жобаның құны 500 млн теңге, тағы 3 тұрақты жұмыс орны ашылады.
Шағын және орта бизнесті дамыту да басты басымдықтардың бірі. Жыл соңына дейін 145 млн теңгеге төрт жобаны жүзеге асырып, 22 тұрақты жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Қазірдің өзінде үш жоба сәтті іске асырылған.
– Бұл жобалар нәтижесінде 15 тұрақты жұмыс орны ашылды. Сахаров ауылындағы жол бойындағы сервис құрылысы жыл соңына дейін аяқталады, ол жерде тағы жеті адам тұрақты жұмыспен қамтылады, – деді әкім.
Кәсіпкерлік бастамаларды қолдау бағытында да жүйелі жұмыс атқарылуда. Ерлан Жаулыбаевтың айтуынша, биыл 320 млн теңгеге екі жобаға қолдау көрсетілді. Сонымен қатар, әлеуметтік осал топтарға 4,7 млн теңге сомасында үш өтеусіз грант берілді. Грант алғандар қатарында, көпбалалы отбасы құс өсіруді қолға алған, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасы ірі қара мал басын көбейтпекші, мүгедектігі бар азамат жылқы өсіріп, болашақта қымыз өндіруді жоспарлап отыр.
Брифинг соңында Ерлан Жаулыбаев өңірдің даму әлеуеті жоғары екенін және барлық көрсеткіштер жоспарлы түрде орындалып жатқанын атап өтті.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
