Ұзынкөлдік өнерпаз жан қалай кәсіпкерге айналды?

Ұзынкөлдік өнерпаз жан қалай кәсіпкерге айналды?

Мүмкіндігі шектеулі жандардың кез-келген кәсіп түрімен айналысуға мүмкіндігі қысқа. Ал, қолынан келген істі жасау олар үшін үлкен ерлікпен пара-пар. Ұзынкөл ауданында тұратын Меңдібай Мүкенов еңбекқорлығы мен табандылығы арқылы көпке үлгі болып жүр.
1971 жылы 10 сәуірде дүниеге келген ол балалық шағын Тран және Қаратерек ауылдарында өткізді. Мектепті тәмамдаған соң 1989 жылы Кеңес армиясы қатарына шақырылып, Тюмень облысында әскери борышын абыройлы өтеп келді. Әскерде жүріп, қос жанарына алған жарақатына байланысты бүгінде ІІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі.

Отбасындағы қамқорлық пен қайсарлығының арқасында көптеген қиындықты жеңе білді. Жастайынан еңбектің дәмін татқан Меңдібай аға әуелі ауыл шаруашылығында еңбек етсе, кейіннен жеке кәсіпкерлікке бет бұрды. Қаратерек ауылында бірнеше жыл жауапкершілгі шектеулі серіктестікте басшылық қызмет атқарып, тәжірибе жинақтады.

blank

«Жастау кезімде ауылда жастарды жинап, «Тамаша» ойын-сауық театрын аштық. Өзімде әжелердің рөлдерін сомдап жүрдім. Оның сыртында ауылдағы клуб меңгерушісі қасында көмекші болып, ауыл жастарына кешкілік би кешін ұйымдастыратынбыз. Әлі күнге дейін жиын-тойларда ән айтып, елдің көңілін көтеретін өнерім бар. Аудан, облыста өткен іс-шараларға қатысып та жүрдік. Облыстық көркемөнерпаздар байқауында үшінші дәрежелі лауреат атанған кездеріміз де болды», – еске алады өткен күндері Меңдібай ағамыз.

Отбасын құрғанына отыз жылдың жүзі болыпты. Жұбайы Қарлығаш екеуі екі бала тәрбиелеп өсірді. Балалары Әділжан мен Замира қазір оқып, елге пайдамыз тисін деген ниетпен білімдерін жетілдіруде.

Мүгедектігіне қарамастан, отбасылық кәсіпті жүргізіп отырған іскер азаматтың қолынан шыққан заттарына ауыл-аймақтан тапсырыстар көптеп түседі. Оның пікірінше, бір іске шындап кіріскен адамға ештеңе де кедергі бола алмайды.

«Кәсіп бастау туралы ойға келдім. Сөйтіп, «көз – қорқақ, қол – батыр» демекші, қажетті құрылғыларды сатып алып, жұмысымызды бастап кеттік», – деген ағамыз үстел, орындық, ас үй, жатын үй жиһаздарын жасайды.

Бүгінде Меңдібай ағамыз Ұзынкөл ауданында жеке кәсібін дөңгелетіп отыр. 2015 жылы ашылған шеберханада қазір екі адам жұмыс істейді. Алғашқыда қаржының тапшылығына жолдастары қолдау көрсетіп, шағын жүк көлігін (газель) сатып алуға көмектескен. Кезінде аудандық кәсіпкерлік бөлімінің көмегімен мемлекеттік бағдарламаға қатысып, 5 пайыз жеңілдікпен бес миллион теңге несие алып, ісін кеңейте түсті. Содан бері бес жыл уақыт өтті. Қазіргі таңда ауыл тұрғындарына қажетті жиһаз жасап, халыққа пайдасын тигізуде. Бүгінде кәсіпкер шеберханада асүй, жатын бөлме, орындық, үстел сынды өнімдерді жасайды. Тапсырыс жоғары. Айына жиырмаға жуық өнім дайындайды.

«Кәсіп бастау үшін ең алдымен ниет пен табандылық қажет. Денсаулық сыр берсе де, еңбек етсең, тіршілік алға жылжиды. Жұртқа қызмет еткенің – ең үлкен жеңісің»,  – дейді әңгіме арасында ағаштан түйін түйген шебер.

Кәсіпкер бұдан да көп бұйым шығаруға болатынын, бірақ бәрін қолдың қысқалығы кідіртіп тұрғанын баян етті. Оның айтуынша, егер жаңадан ағаш жонуға қажетті жабдықтарды сатып алса, кәсібі бұдан да табысты болар еді.

«Бүгінде өзім сияқты I, II, ІІІ топтағы бірнеше адамды жұмысқа қабылдасам деген ойым бар. Басқасын былай қойғанда, денсаулығына байланысты көптеген ер азаматтардың үйінде қол қусырып отырғанын білемін. Егер мемлекеттен қолдау болса, пайызссыз несие берілсе, кәсібімді кеңейтіп, соларды еңбекпен қамтитын едім», – дейді Меңдібай Мазитұлы.

Қайырымдылық шараларына қалыс қалған емес. Көршісі жаңа баспанаға кіргенде, үйіне көрімдік есебінде, асүй жиһазын тегін жасап берді.

Меңдібай Мүкеновтің тағы бір арманы бар. Ол өзі сияқты ерекше тағдырлы адамдарды жұмыспен қамтып, қоғамнан өз орнын табуына қол ұшын беру.

«Алға ұмытылған адам ғана мұратқа жетеді», – деп сөзін аяқтады ол.

«Талаптыға нұр жауар». Елімізді айтпағанда, Ұзынкөлдің өзінде мүмкіндігім шектеулі деп отырмай, еңбек етіп, тірі адамның тіршілік жасауы үшін аянып қалмайтынын іспен дәлелдеп жүргендер аз емес. Олар – он екі мүшесі сау, әке-шешесінің мойнында отырған жастарға «тірі мысал», ал өмірдің болмашы қиындықтарына базынасын айтатындарға үлгі болатыны сөзсіз.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Ұзынкөл ауданы