Тобыл өзенінен заңсыз құм өндіргендер белгілі болды 

Тобыл өзенінен заңсыз құм өндіргендер белгілі болды 

Облыста табиғатты қорғау прокуратурасы Тобыл өзенінің арнасынан құмды заңсыз өндіру дерегін анықтады. Заңсыз өндірушілер техникалық құралдардың көмегімен өзен түбінен құмды жағаға жуып, кейін оны сатқан.

Осылайша бұл кәсіптерін 15 жыл бойына жүргізіп келген. Салдарынан мемлекетке жарты миллиард теңге шығын келген.

Облыстың мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры Дамир Аишев жер қойнауын пайдалану саласындағы заң бұзушылықтар аз емес екенін айтады.

«Аталған дерек бойынша 2025 жылдың тамыз айында табиғат қорғау прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 214-бабы (Заңсыз кәсіпкерлік) бойынша қылмыстық іс қозғады, қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр. Жалпы, екі жыл ішінде 10-ға жуық пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру орындары анықталды. 40-тан астам заңды жер қойнауын пайдаланушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Заң бұзушылықтардың ауқымы әртүрлі – мемлекет алдында есепті уақтылы тапсырмаудан бастап, жою жұмыстарын жүргізбеуге дейін. Яғни, карьерді қазып, қазба байлықты алған, бірақ соңынан тазаламаған», – дейді табиғат қорғау прокуроры.

Заңсыз өндірулеріне негізгі себеп жекелеген өңірлерде ресми жер қойнауын пайдаланушылардың жоқтығы. Бұл ең алдымен құмға қатысты. Құмды ресми өндіру облыстың 20 өңірінің 4-уінде ғана жүргізіледі.

blank

Ол Бейімбет Майлин ауданы, Жітіқара, Қарабалық және Қостанай аудандары. Табиғатты қорғау прокуратурасы облыс әкімдігін басқа өңірлерде де құм өндіруді кеңейту бойынша шаралар қабылдауға негізделген құжатты жөнелткен.

«Сондай-ақ, талдау барысында «Қазақстан алюминийі» АҚ филиалының «Красногорское» боксит кен орнында (Қамысты ауданы) су ресурстарының ластану белгілері анықталды. Сондықтан біз облыстың экология департаментіне тексеру жүргізу туралы талап жібердік, оның нәтижелері бойынша Соткай және Қарасор көлдерінің суларының темірмен, хлоридтермен, сульфаттармен, кальциймен және магниймен ластануы анықталды. Бұл заттардың барлығы нормадан бірнеше есе асып түсті. Осы факті бойынша жер қойнауын пайдаланушы 23 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Акционерлік қоғам бұзушылықпен келісіп, айыппұл төленді. Заң бұзушылықтарды жою рәсімі басталды», – деді Дамир Аишев.

Өткен екі жылда 20 тексеру және талдау жүргізіліп, 21 ұсыныс енгізілген. Түрлі жауапкершілікке 111 тұлға тартылып, мемлекет кірісіне 195,8 миллион теңге өндірілген. Бір қылмыстық іс қозғалды.

«Табиғатты қорғау заңнамасының жекелеген салаларын қарастырсақ, ең алдымен, қатты тұрмыстық қалдықтар мәселесі – бұл облыстың негізгі экологиялық проблемасы. «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ 2023 жылы облыс аумағында ғарыштық мониторинг арқылы 436 рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісін анықтады. Жергілікті атқарушы органдар барлық рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жойдық деп есеп бергенімен, іс жүзінде жағдай басқаша болды – 134 рұқсат етілмеген үйінді тек қағаз жүзінде жойылған. Осы дерек бойынша біз облыстың Экология департаментіне ұсыныс енгіздік. Осы органмен бірлесіп, жергілікті атқарушы органдар 89 үйіндіні жойды. Ресми қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының қызметінде де проблемалар аз емес. Облыста 239 полигон болғанымен, Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ресми деректері бойынша олардың тек 15-інде ғана объектінің санитарлық ережелерге сәйкестігі туралы санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысы бар. Алтынсарин ауданындағы ҚТҚ полигондарының операторы «Көмек-Алтын» МКК 2023 жылдың қаңтарынан бастап экологиялық рұқсатынсыз жұмыс істеп келген», – дейді Дамир Аишев.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, облыс аумағында қоршаған ортаға ең көп теріс әсер ететін I санаттағы 77 табиғат пайдаланушы қызмет етеді. 2020 жылдан бері, яғни бес жыл ішінде, Экология департаменті олардың 49-ында тексеру жүргізбеген, ал 43-інде профилактикалық бақылау жасалмаған.

blank

Осылайша, Департамент I санаттағы субъектілерді де бақылаумен қамтамасыз ете алмай отыр. Салдарынан әрбір үшінші ірі табиғат пайдаланушы тексерусіз қалған. Сонымен қатар, облыс аумағында II санаттағы 395 субъект және III санаттағы 1 727 субъект қызмет етеді. Ресми табиғат пайдаланушыларды тиісті бақылаудың болмауы заңсыз субъектілер санының өсуіне әкелген. Прокуратураның талдауымен 1 мыңнан астам заңсыз субъект анықталып, қазіргі уақытта Экология департаменті оларды әкімшілік жауапкершілікке тарту жұмыстарын жүргізуде.

«Орман саласы да, өкінішке қарай, бірнеше жылдан бері өзектілігін жоғалтқан жоқ. Аманқарағай мен Абай облысындағы өрттерден кейін мемлекет орман қорын сақтау және молайту үшін көптеген шаралар атқарды. Алайда, аталған саладағы заң бұзушылықтар әлі де жойылмай отыр. Мысалы, өткен жылғы прокурорлық тексеру нәтижесі бойынша арнайы прокурорлар Басаман орман шаруашылығының басшылығына қатысты пара алу және беру фактісі бойынша іс қозғады. Кінәлі тұлғалар сот үкімімен сотталды. Қылмыс жасаудан басқа, орман мекемелері жеке орман дайындаушылар тарапынан жасалған әкімшілік құқық бұзушылықтарды жасыру фактілеріне жол береді. Мысалы, 2024 жылғы 10 қаңтарда Семиозерное орман шаруашылығы мекемесі Омаров игерген учаскені куәландыру актісін жасаған. Актіде 1 гектар алаңда ағаш қалдықтарынан тазарту жұмыстары жүргізілмегені көрсетілген. Бұл факт Әкімшілік құқық борзушылық туралы кодекстің 387-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады (кесу орындарын ағаш қалдықтарынан уақытылы тазартпау), бірақ жеке орман дайындаушы жауапкершілікке тартылмаған. Ескіру мерзімінің өтуін ескерсек, орман шаруашылығы әкімшілік құқық бұзушылықты жасыру фактісіне жол берген», – дейді Облыстың мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры Дамир Аишев.

Сондай-ақ, орман шаруашылығы мекемелерінің лауазымды тұлғалары өрт қауіптілігі жоғары деңгейінде жеке орман дайындаушыларға жұмыс істеуге рұқсат берген. Яғни, екі жыл бұрын Әулиекөл ауданы аумағында ауа райы жағдайы 78 күн бойы осы ең жоғары өрт қауіптілік сыныбына сәйкес келген, бұл кезде орманға баруға да тыйым салынады. Ал тыйым салынған кезеңде жұмыс істеудің 1803 дерегі анықталған.

 

Мұның үстіне, жеке орман дайындаушылардың ешқайсысы жауапкершілікке тартылмаған. Дамир Аишев Орман мекемелерінің әкімшілігі бұл құқық бұзушылықтарды есептен жасырғанын айтады. Кейін Қостанай облысының табиғатты қорғау прокуратурасының ұсынысымен кінәлі тұлғалар белгіленген жауапкершілікке тартылған.

Сералы МЫРЗАБАЙ