Қамыстыда аудандық аурухана жаңарды, бірақ тұрғындар қалаға сабылуға мәжбүр

Қамыстыда аудандық аурухана жаңарды, бірақ тұрғындар қалаға сабылуға мәжбүр

Қамысты аудандық ауруханасы күрделі жөндеуден өтіп, заман талабына сай жаңарғанымен, басты мәселе – дәрігер жетіспеушілігі әлі күнге дейін өзекті болып отыр. Жергілікті тұрғындар медициналық көмек алу үшін Қостанай қаласына жиі қатынайтындарын айтып, алаңдаушылық білдіруде.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов ауданға жұмыс сапары барысында жаңартылған аурухананың жай-күйін көзбен көріп қайтты. Ол аурухана дәлізінде кезек күтіп отырған тұрғындармен тілдесіп, олардың базынасына құлақ түрді.

Мәселен, Қамысты селосының тұрғыны Айзада Бәйкенова аудандық ауруханада есепте тұр. Дегенмен, наурыз-сәуір айларында науқастанып, нақты ем алу үшін Қостанай қаласына баруға мәжбүр болғанын айтады.

blank

«Көктемде осы ауруханадан система алып, кейін Қостанайға барып қаралдым. Мұнда тек бастапқы ем ғана көрсетіледі. Талдау тапсырамыз, бірақ күрделі емге жол жоқ. Сондықтан облыс орталығына қатынауға тура келеді», – дейді Қамысты тұрғыны.

Айзада ханымның айтуынша, бұл тек өзінің емес, бүкіл ауыл тұрғындарының ортақ мәселесі. Әсіресе, егде жастағы адамдар үшін ұзақ сапар үлкен қиындық туғызады.

blank

«Жағдай болмаса, ешкім келіп жұмыс істемейді. Келген дәрігерлерге де, емделушілерге де жағдай жасалу қажет. Аурухана дәлізімен кіріп келе жатқанда кезекте отырған тұрғындармен сөйлестім. Олар: «Біз қалаға бара жатырмыз, мұнда тек қабылдауға келіп, жолдама аламыз», — дейді. Бұл дұрыс емес. Егер ем қабылдауға жағдай жасалмаса, онда не үшін нысанды жөндеп жатырсыздар?», – деді әкім.

Мамандар мәселесін шешу үшін ауданға жаңа кадрлар тарту жұмыстары жүріп жатқанын да білдік. Соның бірі — жас дәрігер Ұлболған Әбілова.

blank

«Мен Алматыда медицина бойынша оқып, аудан әкімінің грантымен білім алдым. Осыған дейін Қарабатыр ауылында жұмыс істедім. Қазір аудандық ауруханаға ауысып келдім. Мұнда халыққа көмектескім келеді, тәжірибемді арттырып, елге қызмет еткім бар. Бірақ жұмыс істейтін мамандар аз, жүктеме көп», – дейді жас маман.

Ұлболған секілді жас мамандар ауылдық жерге келуге ниетті. Дегенмен, олардың тұрақтап қалуы үшін тиісті жағдайлар жасалуы қажет. Сонымен бірге кәсіби қолдау, біліктілікті арттыру мүмкіндіктері де маңызды.

«Аудандық аурухананың жаңаруы — жақсы бастама. Алайда денсаулық сақтау саласының ең өзекті проблемасы  кадр тапшылығы мен сапалы қызметтің болмауы әлі күнге шешімін таппаған.  Басшылық бұл мәселеге назар аударғанымен, нақты жүйелі шешімдер қажет», – деді Құмар Ақсақалов.

Жөнделген қабырғалардан бұрын, ол қабырғаның ішінде жұмыс істейтін кәсіби мамандар мен емделуге келген халықтың сенімі маңызды. Себебі, заманауи ғимарат — тек құрал. Ал ең бастысы — адам өміріне араша болар маманның өзі.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев