Жанкелдин ауданының атшабарында Алаш арысы Міржақып Дулатұлының 140 жылдық мерейтойына арналған ұлттық көкпар ойындары жалауын көтерді.
Көкпарға алыс-жақыннан бақтарын сынап, ұзын саны 10-ға жуық команда қатысуда. Ипподром басында тойдың шырайын шығарған көріністер көз тойдырады. Ұлттық ат спортын тамашалаушы қонақтар, жанкүйерлер көптеп жиналып, көңілді саз әуені еркіндік алған. Шатырлар тігіліп, бәйге аттары бауырынан жарап жүр.
Ойынның алғашқы легінде Қостанай облысының Торғай, Рудный, Жітіқара, Аманкелді, Арқалық командалары және Ақтөбе облысының Шалқар ауданының командалары ептілік пен шапшаңдық, білек күшін сарапқа салды.

«Торғай қырандары» командасы айрықша өнер көрсетуде. Көкпаршылар Құрмаш Құрманбек, Бексұлтан Манет, Ернат Нәлімбай, Ернұр Өтеген есімді сайыпқырандардың екпіні бөлек.
Бас төреші Нұркен Омаров көмекшілерімен бірге сайыстың барынша әділ өтуін қырағылықпен қадағалауда.
Жалпы, көкпар дегенде торғайлықтардың ынтасы бөлек. Мысалы, Арқалық командасын жасақтап жүрген көкпаршылардың басым бөлігі де осы Жанкелдин ауданының тумалары.
Той иелері Рудный командасымен болған ойында да 3:0 есебімен басымдық танытты. Сондай-ақ, көршілес Аманкелді ауданының командасы да қарқынды қимылымен көпшіліктің көзайымына айналуда.

«Ақтөбе облысының «Әлім ата» командасын 3:0 есебімен ұтып жеңіске жеттік. Ойын тартысты әрі қызықты өтті», – дейді Аманкелді ауданының көкпаршысы Серікболсын Сарин.
Тойғанбол Нұрханов,
Жанкелдин аудандық ардагерлер кеңесі алқасының мүшесі:

– Көңіл күйіміз өте жақсы. Қасиетті торғай жерінде дүбірлі той басталып жатыр. Бұл көптен күткен ұлы той. Торғайда көп дүниелер өзгерді. Жаңа нысандар пайдалануға берілді. Міржақып атамыздың тойы аясында республикалық деңгейде: айтыс, күрес, ат спорты ойындары өтеді. Мінеки, көкпар ойындары басталып жатыр. Ертең ел күткен Халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі бастау алады. Президентіміз Қасым – Жомарт Кемелұлы Тоқаев Торғай өңіріне айрықша назар аударып отыр. Кешегі елге арнаған Жолдауында да осы аймақтың үкіметтің басты назарында болу керек екенін тағы бір мәрте анықтап айтып өтті. Еліміздің той-думаны үзілмесін. Әрқашан тойымыз тойға ұласа берсін.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген – автор
Жанкелдин ауданы
