Чемпиондарды салтанатты қарсы алу іс-шарасы жылы да мерекелік атмосферада өтті. Жеңімпаздарды Полиция департаментінің өкілдері, мектеп әкімшілігі, туыстары мен достары құттықтады.
Өскемен қаласында Қазақстанның Халық қаһарманы Ғабит Байтасов атындағы XX Республикалық жас жол инспекторлары слеті өз мәресіне жеткен болатын.
Слет бағдарламасы аясында жас инспекторлар «Жас реттеуші» конкурсында өз шеберліктерін көрсетіп, шартты қиылыста қозғалысты басқарды.
«Білімпаздар турнирінде» — теориялық білімдерінің жоғары деңгейін дәлелдеді, ал «Автоқалашықта» — шынайы жол жағдайына барынша жақын ортада сенімді әрекет ететіндерін көрсетті.

Сайыс қорытындысы бойынша жеңісті Қостанай облысының жас жол инспекторлары тобы — №19 орта мектептің оқушылары иеленді.
Елдің барлық өңірінен келген қатысушылар жол қозғалысы ережелерін білу, велосипедпен мәнерлеп жүру, алғашқы медициналық көмек көрсету, сондай-ақ жолдағы қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған шығармашылық байқаулар бойынша сайысқа түскен еді.
