Торғайда ұлт ардақтысы Міржақып Дулатұлының 140 жылдығы қарсаңында Алаш арысының кіндік қанының тамған жері Қызбел ауылдық округінің Бидайық ауылындағы музей үйіне рекспозиция жасалып, ұрпақтары кесенесін қайта жаңғыртты.
Алдағы күзде даңқты жерлесіміздің мерейтойы мемлекеттік деңгейде аталып өтпек. Торқалы тойға дайындық арыстың туған жерінде ерте басталып кеткен. Үкімет тарапынан назар аударылып, Қызбел, Бидайық ауылдарына апаратын күре жолға қиыршық тас төселіп, ауыл көшелеріне асфальт салынғалы жатыр.



Аталған жұмыстар облыс әкімінің басты назарында. Билік өкілдері қолға алынған істерді жіті қадағалап жүр. Жөндеуден кейін бабамыздың кесенесінің көркі кіріпті. Музейінің іші де заманауи реңкке енген.
Алмас Алтайұлы, Жоба менеджері:
«Музейдің қайта жаңғырту жұмысын жасадық. Бұл жұмысқа Торғай музейлер кешінінің басшысы Гүлбану Құлетқызы көп көмегін тигізді. Музей жақсы рекспозицияланды деп ойлаймыз. Бұл кісі барша қазақтың атасы. Алаш зиялыларының ішінде сүйегі елге келген бірден бір адам. Көптеген еңбектерімен, тарихымен танысып, қолдан келгенше жұмысты абыроймен атқарып шықтық деп ойлаймыз. Кешенге ие болып отырған шырақшысы Нағашыбай ағамыз бен Жұмазия жеңгеміз бізді өздерінің баласындай күтіп, бір айға жуық уақыт ішінде еңбектендік. Көрнекіліктерінің бәрін компьютермен өңдеп, жаңадан жасап, суретін салғыздық. Музейдің макетін, диограммасын жасаттық. 
Нағашыбай Аралұлы, Міржақып кесенесінің шырақшысы:
«Атамыздың кесенесі мен музейін Міржақып атамыздың қызы Гүлнәр апамыз аманат етіп еді. Содан бері осында қызмет етіп келеміз. Музей мен кесенені қайта жаңғыртып жатыр. Келіп көрушілер қатары көп. Шетелден де қонақтар келеді. Атамызды құрметтеп жатқан жандардың баршасына үлкен рахметімізді айтамыз».
Гүлбану Сәрсекей, Торғай музейлер кешенінің директоры:
«Біздің қасиетті жерде ақ түйенің қарны жарылып, Міржақып атамыздың мерейтойы қарсаңында ұрпақтары ізгі ниеттерін білдіріп жатыр. Биыл Алаш арысының қызы Гүлнәр Міржақыпқызы апамыздың туғанына да 110 жыл толып отыр. Гүлнәр апамыз әкесінің жоғын жоқтап, барын түгендеп кеткен адал перзент. Алпыс жыл бойы «Халық жауының» қызы атанса да әкесінің есімін өшірмей, тегін өзгертпей жасы жетпіске таяған шағында әкесінің ақталғанын көрді. Міржақып бабамыздың елге оралуына айтарлықтай үлес қосты. Әкесінің мәңгілік мекенінен жай тауып, басына кесене тұрғызылып, музейінің ашылғанын да көріп, құнды жәдігерлердің жинақталуына себепші болды. Атамыздың есімінің ардақталып жатқанына ел болып алғысымызды білдіреміз. 
Бақберген Қасымұлы, Міржақып Дулатұлының немере інісі, кәсіпкер:
«Жөндеу жүргізгенде кесененің бастапқы салынған қалпын өзгертпеуді мақсат еттік. Халық жұмысымыздың нәтижесіне жақсы бағасын беруде. Кесене салғанда немесе жаңғыртқанда ұлтымыздың дәстүрі бойынша үлкен ас беріледі. Сол себепті, бүгін қасиетті жұма күні ағайын — жұрттың басын қосып, осы міндетті де мүмкіндігімізше атқаруды ниет еттік».
Айтса айтқандай, кесене мен музей үйінің қайта жаңғыртылуына байланысты ұрпақтары атынан ас беріліп, марқұмның рухына құран бағышталды.
Қарсақбай Бірмағамбетов, Жанкелдин аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
«Бұл кісілер еліне адал қызмет жасап, келешекке жол сілтеген ұлы адамдар. Бұл кісілердің тойы исі қазақтың тойы. Ғұлама тұлғаларымыз исі қазаққа бәрін айтып, аманаттап кеткен. Елдің басын қосып, берекесін келтіріп жатқан билік басындағы азаматтарға алғысымызды айтамыз. Жолдың жағдайы болсын басқа да мәселелерді өздері келіп, көздерімен көріп, басы — қасында болып, қадағалап жасатып жатыр.
Торғайбай Уәлиев, қажы:
«Міржақып атамыз — қазақ ұлысының ел болып қалуы үшін зор еңбек сіңірген алашордалықтардың ең көрнекті үш арысының бірі. Құдайға шүкір, атамыз ақталып, артына қалдырған бай мұрасы халыққа жетіп жатыр. Атамыздың еңбектерін қанша насихаттасақ та артық етпейді. Өйткені, бабаларымыз нақыл еткендей «өткенсіз бүгін, бүгінсіз ертең жоқ». Айтқан сөзін, жазған еңбектерін кейінгі ұрпаққа жеткізіп насихаттап отыру – өте қажет үрдіс.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ,
Суреттерді түсірген – автор
